Астананың Алматы және Сарыарқа аудандарына жаңа әкімдер тағайындалды

None
None
АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін, 9 шілдеде Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс XIX сессиясы барысында елорданың екі ауданының жаңа әкімдері тағайындалды.

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Мәслихат қаулысына сәйкес, Астана қаласының Алматы ауданының жаңа әкімі болып 40 жастағы Бекбол Сағын тағайындалды. «Кандидат туралы жақсы білесіздер, артық таныстыруды қажет етпейді деп ойлаймын. Ол біздің қаланың қаржы жүйесінде ұзақ жылдар қызмет етті, сондай-ақ басшылық қызметте үлкен тәжірибе жинақтады. Ол қаланың жұмыс ерекшеліктері секілді аудандардың деңгейіндегі жұмыстарды да жақсы біледі. Бұрындары Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары болған, әлеуметтік салада жауапты қызметтер атқарған. Барлық лауазымдарда өзін жақсы жағынан көрсетіп, біздің баршамыздың алдымызда тұрған міндеттерді шешуге қатысты ұжым жұмысын жақсы жолға қоя біледі», - деді Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәслихат депутаттарына жаңа әкімнің кандидатурасын ұсыну барысында.

Бұдан бөлек, Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі болып Ермағанбет Бөлекпаев тағайындалды. Ол 37 жаста. «Түрлі қызметте көптеген тәжірибесі бар, оның ішінде коммерция саласында қызмет етті, одан кейін ұзақ жылдар бойы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде жұмыс істеді. Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық басқармаларында басшылық қызметтерді жақсы атқарды. Павлодар облысында Павлодар ауданының әкімі болды», - деді қала басшысы.

Тоқтала кетейік, Бекбол Сағын бұған дейін Астана қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болған.

Ермағанбет Бөлекпаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басқарма басшысы-Астана қаласы бойынша тәртіптік кеңестің төрағасы қызметтерін атқарған.

Бұдан бөлек, И. Тасмағамбетовтың айтуынша, бұған дейін Астана қаласы Алматы ауданының әкімі болған Павел Кулагин енді қалалық коммуналдық қызмет басқармасына басшы болады. Ал Сарыарқа ауданының бұрынғы әкімі Ермек Оспанов Астана қаласы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар