Астананың әлемнің қаржылық-техникалық орталығына айналу мүмкіндігі зор - БҰҰ ЭСКАТО сарапшылары

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығы басшылығы БҰҰ Азия мен Тынық мұхиты елдері бойынша Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы өкілдерімен (ЭСКАТО) кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Кездесуде АХҚО мен ЭСКАТО өкілдері шағын және орта инновациялық бизнеске қолдау көрсету және аймақтағы, оның ішінде АХҚО платформасындағы ЭСКАТО-ның бірқатар жобаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

ЭСКАТО өкілі, Fung Group бас кеңесшісі және цифрлы экономика бойынша ESBN Гонконг пен Таиландтағы өкілі Барбара Мейнерт Қазақстан астанасында болашақта қаржылық сектордағы жаңа технологияларды белсенді енгізуге болатынын атап өтті. Оның айтуынша,  елорда осы саладағы әлемдік көшбасшылардың біріне айналатын мүмкіндіктерге ие.

«Бұл қаржылық саладағы цифрлық жобаларды көрсететін технологиялық ноу-хаулар. Менің ойымша, Астана халықаралық қаржы орталығы аз уақытта әлем қауымдастығының назарын аударып үлгерді, сондай-ақ бұл ұйым әрі қарай да дами береді. АХҚО-ның әлемнің қаржылық-техникалық астанасы, халықаралық қаржылық технологиялар орталығы болатындай әлеуеті бар. Жобамызды табысты жүзеге асуы үшін және Орталықтағы жобаға өзге де достарымыз бен әріптестерімізді тарту үшін АХҚО-мен тығыз ынтымақтастықта боламыз деген үміттемін», - деді Барбара Мейнерт.

Оның айтуынша, Астана орталығының басты ерекшелігі - ашықтығы және бұрынғы жүйенің ауыртпалығынан азат екендігі. Өйткені, мұнда қазіргі  замандағы  барлық ой-пікірлер ашық талданады. Осының арқасында жаңа идеялар келіп, сандық технологиялар саласында жаңа жобалар құрылуда.

Өз кезегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов орталықтың жұмысы туралы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

«АХҚО ресми түрде 2018 жылы ашылады, бірақ 2015 жылдан бері дайындық жұмыстарын жүргізіп келеміз. Орталықтың толыққанды жұмыс істеуі үшін Конституцияға сәйкес түзетулер енгізілді. Бұл посткеңестік аумақтағы жұмыс ұстанымы ағылшын заңына негізделген жалғыз қаржы орталығы. Қазіргі уақытта «NASDAQ» америкалық биржасымен және «SHANGHAI STOCK EXCHANGE» Шанхай қор биржасымен бірлесіп, өзіміздің қор биржамызды құрудамыз», - деді ол.

Сондай-ақ, АХҚО басшысы қаржылық орталық жұмысының үш негізгі бағытын атап өтті. Оның біріншісі - Орталық Азиядағы жұмыс.

"Қазақстан Орталық Азияның 50 пайызын алып жатыр және мұнда мұнай-газ, металлургия, көмір өндірісі жақсы дамыған. Жер аумағының үлкендігі де біздің артықшылығымыз. Екінші бағыты - Еуразиялық экономикалық одақ аясында ресейлік, беларус және армениялық серіктестермен жұмыс істеу. Одақ аумағында 170 миллион халық тұрады, яғни бұл  үлкен нарық. Үшінші бағыт - Жібек жолы экономикалық белдеуі. Қазақстан бұл идеяға қолдау білдірген алғашқы ел және аталған бағытта біздің көшбасшыларымыз (Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цизньпинь - ред.) бірнеше кездесу өткізді. Қытай да өңірлік қаржылық хаб үшін өте маңызды мемлекет», - деп атап өтті Келімбетов.

АХҚО мен ЭСКАТО  «жасыл» бизнес, цифрлық экономика, банк ісі, қаржы саласы бойынша тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуді жоспарлап отыр. ЭСКАТО аймақтағы үкіметтерге кеңес беру, кадр дайындауға ықпалдастық көрсету, экономикалық-әлеуметтік жағдайды жақсартуға арналған бағдарламаларды жүзеге асырумен айналысады. Сонымен бірге, бұл ұйым экономикалық және әлеуметтік тенденцияларды талдауда үлкен тәжірбиеге ие және аймақтағы елдердегі инновациялық ортаны дамытуда белсенді жұмыс істейді.

Айта кетейік, Азия мен Тынық мұхиты бойынша экономикалық және әлеуметтік комиссия 1947 жылы құрылған. Ұйым аймақтағы экономикалық және әлеуметтік мәселелермен айналысады.  Оның негізгі жобалары аймақаралық сауда мен инвестициялар, технологиялармен бөлісу, жекешелендіру, кәсіпкерлік, қоршаған ортаны қорғау, кедейшіліктің деңгейін азайту, әлуеметтік даму жұмыс күштерінің миграциясы, есірткімен күрес салалары бойынша жүзеге асырылуда.

1

Соңғы жаңалықтар