Астананың 63 тұрғыны автобөлшек «сататын» алаяққа алданды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында алаяқтың айласына 60-тан астам тұрғын алданып қалған. Күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Астана полицейлері алаяқтық жасады деген күдікпен Шымкент қаласының 36 жастағы тұрғынын ұстады. Ол «Kolesa.kz» сайты арқылы автобөлшектерді сату сылтауымен аңқау азаматтарды алдап келген. Осылайша ол елдің барлығы 4,5 млн теңге ақшасын иемденген.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті автобөлшектерді сататыны, оны жеткізіп береретіні туралы хабарландыруды «Kolesa.kz» сайтына орналастырған.

«Ол интернеттегі басқа адамдардың жарнамаларынан сатылатын тауарлардың фотосуретін тауып, оған нарықтықтағыдан төмен баға қойып, сайтқа орналастырған. Бұл жәбірленушілердің назарын аударған.

Келіссөздер барысында күдікті тауарлар салынған көліктің сатып алушы тұратын жаққа жөнелтуге дайын екендігіне сілтеме жасай отырып, әлеуетті сатып алушыларды алдын ала төлем жасауға асықтырған. Аңқау азаматтар оған ақша аударған, содан кейін ол бар жарнамаларды алып тастап, байланысқа шықпай қойған», - делінген полиция мәліметінде.

Ер адам осындай 63 эпизод бойынша күдіктеліп отыр.

«Барлық фактілер бойынша ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істер сотқа жіберілді, күдікті 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді Криминалдық полиция басқармасы бөлімінің бастығы Талғат Бөлегенов.

Биылғы жыл басынан Нұр-Сұлтан қаласында интернет-алаяқтықтың 2295 фактісі тіркелді, олардың негізгі бөлігі интернет желісінде тауарларды сатумен байланысты. Барлық жағдайларда, пайдаланушылар тауардың бар екеніне көз жеткізбей, ақша жіберген.


Соңғы жаңалықтар