Астананың 2022 жылғы бюджеті 889 млрд теңге болып нақтыланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласының 2022 жылға арналған нақтыланған бюджеті 889 млрд 41 млн теңге болып бекітілді. Бұл туралы қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Әлімқызы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, нақты жиналу талдауларына сүйеніп, жеке табыс жоспарын 556,7 млрд теңгеге дейін 3,1 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылады. Ал салық түсімдері бойынша – 503 млрд теңгеге дейін, салықтық емес түсімдерді – 643 млн теңгеге дейін, айыппұлдар мен өзге де түсімдер жоспарын – 13,8 млрд теңгеге дейін арттыру көзделеді.

Оған қоса, басқарма өкілі бюджеттің негізгі шығындары туралы баяндалды.

«Отын-энергетикалық кешен мен коммуналдық шаруашылық басқармасына қосымша 2 млрд 481,8 млн теңге қарастырылған. Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына Астана қаласының жасыл белдеуінде көшеттерді қайта жаңарту мен дақыл егу шараларына 133,3 млн теңге қарастырылған. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қорының ұлғаюына байланысты 98,6 млн теңге бөлінеді», - деді Айжан Әлімқызы Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында.

«Алматы және Есіл аудандары әкімінің аппаратына елдімекендерді абаттандыру және көгалдандыру бағдарламасы бойынша тиісінше 218 млн және 235,8 млн теңге қарастырылған. Астана қаласы әкімінің аппаратына «аумақтық қорғанысты дайындау» бағдарламасы бойынша 98,6 млн теңге қаражат азайтылды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына 363 млн теңге қайта бөлді», - деді ол.

Осылайша, енгізілген өзгерістерге сәйкес, Астана қаласының 2022 жылға арналған нақтыланған бюджеті 889 млрд 41 млн теңге болды. Оның ішінде, жеке табыс бойынша түсімдер 556 млрд 669 млн теңгені құрайды. Республикалық бюджеттен берілетін трансферттер – 236 млрд 927 млн теңге.


Соңғы жаңалықтар