Астананың 20-жылдығына орай Орынбордан көлік керуені жолға шықты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін Астананың 20-жылдығына орай Орынбордан Қазақстанның ірі қалалары арқылы, елордаға бағытталған көлік керуені жолға шықты. Жолдың жалпы ұзақтығы 5423 километр болмақ. Бұл туралы ҚазАқпарат Ақтөбе облысы ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап хабарлайды

Орынбордан жол тартқан «Құтты мекен Ақтөбеден-Астанаға» атты көлік керуені алдымен Орынбордан Ақтөбеге келіп, ары қарай Қызылорда, Алматы қалалары арқылы Астанаға бармақ. Көлік керуені елордаға Астана күні қарсаңында жететін болады.

Жобаны Ақтөбе облысы ұсынып отыр. Ондағы мақсат - Қазақстанның осы күнгі жетістіктерін көрсету, тарихи астаналардың тарихи-мәдени, ғылым, білім саласындағы, сонымен қатар іскерлік орталықтарының имиджін таныту, Ақтөбе облысы мен Орынбор облысының арасындағы жастардың мәдени байланысын және достығын нығайту.

«Көлік керуенінің алғашқы астанадан жол тартуы - заңды. Ары қарай елдің бұрынғы астаналары - Қызылорда, Алматыға бармақ, соңғы аялдама - қазіргі елордамыз Астана қаласы», - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердікбек Сапарбаев Ақтөбе және Орынбор облыстарының ресми делегацияларының кездесуінде.

Көлік керуенінің құрамына мәдениет және өнер қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, спортшылар, дәрігерлер мен жастар кірді.

Жол жүру барысында көлік керуені 17 елді мекенге тоқтайды. Онда алуан түрлі спорттық шаралар өткізіп, мерекелік концерттер береді. Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетіліп, шеберлік сабақтары өткізілмек.
null

null

Соңғы жаңалықтар