Астананың 20 жылдығына орай Ақтөбеде саябақ ашылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Астана» саябағы ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің тілшісі.

Осы оқиғаға орай өзінің құттықтауын жеткізген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бірінші кезекте қысқа мерзімде ауқымды жұмыстарды атқарған құрылысшылар командасына алғысын білдірді. Ол сонымен қатар «Астана» саябағының облыс орталығындағы қонақтар жиі қатынайтын танымал орындардың біріне айналатынына сенім білдірді.

«Биылғы жылы 20 жылдығын атап өтіп жатқан Астана Қазақстанның дамуының жарқын көрінісі, еліміздің әрбір азаматының мақтанышы десе болады. Барлық қазақстандықтар сияқты ақтөбеліктер де осынау атаулы датаны мерекелеуге барынша үлес қосуда. Осыған дейн біздің өңіріміз Тәуелсіздік алаңында орналасқан «Бейбітшілік қорғанын» орнатса, бүгін «Астана» саябағын ашып отырмыз. Бұл өте үлкен саябақ болады. Біздің міндетіміз оны қала тұрғындары мен қонақтарының ең сүйікті орындарының біріне айналдыру»,-деді Бердібек Сапарбаев.



Қала орталығында орналасқан «Астана» паркінің құрылысы тамыз айында басталды. Оның жалпы көлемі 4,3 га. Бүгінгі таңда оның 2 га жері абаттандырылған. Нысан жыл соңында толық пайдалануға берілмек. Құрылыс-монтаждық жұмыстардың құны 266 млн теңге. Бас мердігер «Мерей Билдинг Групп» ЖШС.

Саябақ ауқымды жасыл алқапты кешеннің бөлігі болмақ. Жоспарлау кезінде алдыға қойылған басты міндет - саябақты көрушілер оны тамашалау кезінде өздерін Астанада жүргендей сезінулері керек. Саябақтың 3D-көрінісінде елорданың барлық танымал орындары көрініс табады.

3D-көріністің айналасында рекреациялық аймақ, яғни, жүргіншілер жолы, шағын архитектуралық пішіндер, классикалық шамдар, орындықтар, мүсін композициялары, балалар алаңы сияқты нысандар орналасады.

Саябақтың тағы бір ерекшелігі - ені 5-6 метр, тереңдігі 50 см болатын қолдан жасалған су арнасы Есіл өзенін бейнелейді. Осы арна арқылы көпір салынады. Саябаққа су автоматты түрде беріліп отырады.

Осыған дейін Қостанайда бірінші рет қыс мезгіліне бейімделген аялдама ашылғандығы хабарланды.

Соңғы жаңалықтар