Астананың 1000 мұғаліміне 1 млн теңгеден беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігі мұғалімдерге 1000 тұрғын үй куәлігін беруді көздейді. Әрбір куәліктің мөлшері - 1 миллион теңге. Оны баспананың алғашқы жарнасы ретінде пайдалану қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, өткен жылы елордада 100 адамға тұрғын үй куәлігі табысталды. Оның ішінде 80-ге жуығы - мұғалімдер.

«Негізі, аталған шараның негізгі мақсаты да сол, мұғалімдерді қолдау, олардың тұрғын үй мәселесін шешу. Биыл Астана әкімдігі 2000-ға жуық тұрғын үй куәлігін таратуды көздейді. Соның жартысы ұстаздарға арналған. Оның ішінде колледж, мектеп және жоғары оқу орындарының оқытушылары бар», - деді Ә.Жанғозин ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, өткен жылдың соңында қала әкімі Бақыт Сұлтанов 100 адамға тұрғын үй куәліктерін табыстаған болатын. Әрбір куәліктің мөлшері - 1 миллион теңге. Аталған ақшаны ипотекалық баспананың алғашқы жарнасы ретінде қолдану қажет. Ал пәтерді үш айдың ішінде табу қажет. Демек, осы жылы наурыздың аяғына дейін пәтер табылмаса, ақшаны бюджетке кері қайтаруға тура келеді.

«Бұл «7-20-25» бағдарламасы емес. Дегенмен, банктің ішкі шарттары соған ұқсас. Салымшы алғашқы жарнаның 20 процентін жинауы тиіс. Содан кейін 7 проценттік ипотека 25 жылға беріледі. Бірақ пәтерді үш айдың ішінде тауып, ипотеканы рәсімдеп алу қажет. Үй жаңа тұрғын үйден алынуы шарт. Әйтпесе, әкімдіктің ақшасы бюджетке кері қайтарылады. Әзірше ол ақша арнайы есепшотта жата береді. Барлық шарттар орындалғаннан кейін есепшот ашылады да, алғашқы жарна ретінде салымшының қаржысына қосылады», - дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» Астана қаласындағы орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.

Соңғы жаңалықтар