Астананың 10 криминалды ауласы анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қылмыстық құқық бұзушылықтар жиі орын алатын 10 қылмыстық аула анықталды және оларға 262 бейнекамера орнатылады. Сондай-ақ қауіпсіздікпен қамтамасыз ету мақсатында жеке күзет ұйымдары шақырылады.

 Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп басқармасының басшысы Руслан Әлкенев Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорданың Инфо сайтына сілтеме жасап.

«Астана бойынша қылмыс жиі жасалатын 10 ауланы анықтадық. Олардың барлығы Сарыарқа ауданында, вокзал маңында орналасқан.  Онда 262 бейнекамера  орнатып көрмекпіз. Дабыл әкімдіктің жағдаяттық орталығына келіп түседі және күзет фирмаларындағы операторларға жіберіледі. Операторлар қылмыс жасалған орынға жедел топты жібереді», - деді Руслан Әлкенев. 

Оның айтуынша, аталған аулаларда ұрлық, қоғамдық тәртіпті бұзу және әкімшілік құқық бұзушылықтар жиі тіркелген.

Жергілікті полиция пәтер иелері кооперативімен бірлесіп, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізеді және тұрғындар келісім берсе, күзет фирмаларымен шарт бекітіледі.

«Аула тұрғындарын күзет кәсіпорындарымен келісімшарт бекітуге шақырамыз. Комитет әкімдікпен бірлесіп, тегін камераларды қолдану мүмкіндігін беріп отыр, ал тұрғындар күзет кәсіпорындарының қызмеі үшін ақы төлеуі тиіс», - деп түсіндірді спикер.

Қызмет құны пәтер санына байланысты болмақ. Сондай-ақ, ол елорданың көптеген аулаларында бейнекамералардың бар екенін, оған тұрғындардың ай сайын 300-400 мың теңге төлейтінін, бірақ камераларды ешкім бақыламайтынын, жағдаяттық орталыққа дабыл түспейтінін атап өтті.

«Құқық бұзушыларды бейнекамера тоқтата алмайды. Қылмыс жасалғанда ғана, зардап шегуші видеоны іздей бастайды. Біз бұл процесті басқаша ұйымдастырғымыз келеді. Күзет фирмасының қызметкері ауланы бақылап, сезікті жағдай туғанда жедел топты жіберіп, қылмыстың алдын алуы керек», - дейді Р.Әлкенев.

Ұсталған бұзақыларды күзет кәсіпорындарының қызметкерлері құқық қорғау органдарына табыстайтын болады.

Сондай-ақ, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп басқармасының басшысы қылмыс жиі жасалатын 10 ауланы атап көрсетті:

 №1 аула - Гете көшесі, №10 және 1/1 үйлер, Біржан сал көшесі, №10 үй, Құтпанов көшесі, №4 үй. Жыл басынан бері мұнда 41 қылмыстық құқық бұзушылық орын алған.

№2 аула - Гете көшесі №4 үй, 4а. Жыл басынан бері 33 қылмыстық құқық бұзушылық болған.

№3 аула - Бөгенбай батыр даңғылы №59, Ш. Айманов көшесі -16, 16/1, Дүкенұлы көшесі №28/1 үй. Жыл басынан бері 30 қылмыстық құқық бұзушылық болған.

№4 аула - «Махаббат» ТК, Сарыарқа даңғылы №41,43, Мәскеу көшесі №20. Жыл басынан бері 57 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.

№5 аула - «Лея» ТК, Потанин көшесі №3 және №3/1 үйлер. Жыл басынан бері 26 қылмыстық құқық бұзушылық орын алған.

№6 аула - Ш.Қосшығұлұлы көшесі № 7 және №7/1 үйлер. 29 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.

№7 аула - Ш.Қосшығұлұлы көшесі №14  және 187 көше №14/3, 14/4, 16/3, 16/4 үйлер. 32 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.

№8 аула - Ш.Қосшығұлұлы көшесі №20 үй. Жыл басынан бері 21 қылмыстық құқық бұзушылық болған.

№9 аула - ул. Ш. Айманов көшесі №9, 11, 20, 20/1 үйлер. Мұнда 31 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.

№10 аула - Ы. Дүкенұлы көшесі, №38 үй. Жыл басынан бері 21 қылмыстық құқық бұзушылық орын алған.

Соңғы жаңалықтар