Астаналықтардың қанша пайызы жеке клиникаға қаралады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда тұрғындарының 20 пайыздан астамы жекеменшік клиникаларға қаралады. Бұл туралы Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Нәдіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Бүгінде қалада 27 емхана бар, оларда елордалықтар тіркелген. Егер пайыздық ара салмағын айтар болсақ, онда елорда тұрғындарының 20 пайызы жеке клиникада, ал 80 пайызы мемлекеттік емханаларға тіркелген. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бізде де медициналық қызмет көрсететін жеке клиникалардың саны артып келеді. Ол үшін бүгінде барлық жағдай жасалған, тариф бекітілген, ойын ережесі де нақты түзілген. Біз мұндай мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің дамуына қолдау көрсетеміз», - деді ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференциясы аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның пайымынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі мәселелерін шешуге септігін тигізеді.

«Бұл бізге ең төменгі бюджет шығындарымен медициналық көмек қолжетімділігі және сапасы мәселесін тез арада шешуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «үйдегі дәрігер» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Ол Сіздің үйіңізден қадам жерде емдеу-амбулаторлық пунктінің болуын білдіреді», - деді ол.

Айта кетейік, кеше елордада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференциясы басталды. Халықаралық жиын қатысушыларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев видеожолдау жолдады.

Сондай-ақ елімізде туберкулез дертінен жылына қанша адам көз жұматыны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар