Астаналықтарды қандай проблемалар мазалайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде iKomek орталығының операторлары күн сайын мыңдаған арыз-шағымды қабылдайды. Соның негізінде халықты жиі мазалайтын мәселелерді рейтингі жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорданың қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының басшысы Жаннат Дубированың айтуынша, бүгінде ортақ жүйеге барлық коммуналдық қызметтер қосылған. Соның арқасында операторлар арыз-шағымдарды өңдеп, шұғыл тиісті мекемеге жолдап отырады.

ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген орталық басшысы өзінің ұялы телефоны арқылы жүйеге кіріп, астаналықтарды жиі мазалайтын проблемаларды да көрсетіп берді.

«Мәселен, жүйелі проблемалар рейтингін ашып қарайтын болсақ, бірінші орында құдықтар мәселесі тұр. Соның ішінде құдық қақпақтары және тағы басқа проблемалар бар. Екінші орында - газбен қамтамасыз ету. Халық газгольдерлерге уақытында газ құймайды деп арызданады. Үшінші орында - қоғамдық көлік. Соның ішінде қызмет сапасы, автобустардың кешігуі және тағы басқа мәселелер бар. Төртінші орында - су басу мәселесі. Ал бесінші орында - лифттер қызметі. Сосын кәріз, ПИК-тер, денсаулықты сақтау деп кете береді», - деді Ж.Дубирова. Әзірше, аталған жүйеге тек әкімдік қызметкерлері ғана кіре алады. Алдағы уақытта ашық порталды іске қосу жоспарланып отыр. Сол кезде халық аталған порталға кіріп, барлық ақпаратты көре алады.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы iKomek-ке 1 миллион арыз-шағым түскен. Ал биыл жыл басынан бері 500 мың өтініш қабылданды. «Мәселен, наурыз айында 30 000 мың адам хабарласты. Қазіргі кезде 6 мың арыз-шағымды орындап жатыр. Күн сайын біз 12 мың қоңырауды қабылдап отырамыз. Негізі, бір миллион халқы бар қала үшін бұл - өте үлкен көрсеткіш», - деп атап көрсетті Ж.Дубирова.

Айта кетейік, iKomek жүйесінде жауапсыз ПИК-тердің тізімі де бар. Алдағы уақытта аталған ақпараттың бәрі ашық жарияланады. iKomek орталығының операторлары арыз-шағымдарды барлық байланыс арналары арқылы қабылдайды. Соның ішінде www.astana.gov.kz сайты, WhatsApp нөмірі: +77471090109, Telegram чат-боты: iKOMEK 109 мобильді қосымшасы (PlayMarket немесе Apple store ), «Smart Astana» мобильді қосымшасы (PlayMarket | AppStore), [email protected] электрондық мекенжайы, сондай-ақ, 109 тегін қоңырау шалу нөмірі бар.

Соңғы жаңалықтар