Астаналықтар жалпықалалық сенбілікке шығады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 22 қыркүйек күні Астанада жалпықалалық сенбілік өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда әкімдігінен мәлім еткендей, сенбілікке 2 мыңнан астам кәсіпорын мен ұйым, 46 жоғары оқу орны мен орта кәсіптік оқу мекемесі, 177 орта мектеп мен жалпы білім беретін мекеме, 58 денсаулық сақтау мекемесі, 146 мемлекеттік мекеме мен ұйымдар және кәсіпорындар, жалпы 72 мың адам қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ 520 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылмақ.

Экологиялық шара барысында көше бойлары мен тротуарлар, үйаралық аудандарды жинау, нөсер торлары мен арық жүйелерін тазарту, гүлзарларда, бақтар мен саябақтарда жасыл желектерді күтіп ұстау бойынша мерзімдік іс-шаралар жүргізу, сондай-ақ заңсыз жерлерде орналасқан қоқыс үйінділерін жинау жоспарланған.

Бұдан бөлек, қалалық және республикалық мекемелердің қатысуымен 12 534 түп ағаш отырғызылатыны күтілуде.

Айта кетейік, 15 қыркүйек күні Астана қаласы «Дүниежүзілік тазалық күні» халықаралық экологиялық акциясына қосылады. Жалпы оған әлемнің 150-ден астам мемлекеті және 380 млн жуық ерікті қатысады. Акция барысында жиналған барлық қалдықтар (араласқан қалдықтардан қайталама шикізатты бөлек жинау) сұрыпталып, одан әрі өңдеу үшін арнайы зауытқа тасымалданады.

Астана қаласында күзгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау бойынша экологиялық айлық 10 қыркүйек күні басталған болатын. Ол 10 қазанға дейін жалғасады.

 

Соңғы жаңалықтар