Астаналықтар Олимпиада спортшыларын қошеметпен қарсы алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазан айының 22-нен 23-іне қараған түні «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында Буэнос-Айрестегі (Аргентина) үшінші жасөспірімдер Олимпиадасына қатысқан спорттық делегацияны салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің хабарлауынша, ұзақ жолдан шаршағанына қарамастан, жас атлеттер туыстары мен жақындарының құттықтауына риза болып, БАҚ өкілдеріне емен-жарқын сұхбат берді.

«Қазіргі көңіл-күйімді сөзбен жеткізе алмаймын. Түн жарымына қарамастан, бізді күтіп алуға қаншама адам келген! Тіпті, көзіме жас алдым. Бізге қолдау көрсетіп, біз үшін тақым қысқан барша ағайынға рахмет! Жанкүйерлердің сенім үдесінен шыға алғанымыз - үлкен бақыт», - дейді Олимпиада чемпионы, велоспортшы Глеб Брусенский.

«Дәл осылай қарсы алғаны үшін рахмет! Әрине, бізді күтіп алатынын білдік. Бірақ тап осынша көп адам жиналады деп ойламаған ек. Көп рахмет!», - дейді Глебтің командаласы Евгений Федоров.

null 

«Елге оралдық. Күтіп алған кісілерге көп рахмет. Жеңісті күндеріміз көп болсын», - дейді дзюдодан алтын жүлдегер атанған Бекарыс Сәдуақас.

Қазақстан құрама командасы сапындағы ең жас спортшылардың бірі Роза Абитова халықаралық команда сапында Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Ол өзіне қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
null 

«Жырақта жүріп жеңіп алған медальдің қаншалықты бағалы екенін елге келген соң түсінесің. Мұндай сәттерде көрсетілген қолдау өте маңызды. Елімізде біз үшін қуанатын адамдар көп. Міне, сол жандар үшін де жеңіске жеткім келеді», - деп ағынан жарылды дзюдодан жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері Маргарита Гриценко.

Жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері Стелла Суханова да командаластарының тілегіне қосылып, жанкүйерлерге алғысын жеткізді.
null 

Естеріңізге сала кетейік, Буэнос-Айресте Қазақстан спортшылары төрт алтын, үш күміс және үш қола медальмен жалпы есепте 15-орынға қол жеткізген болатын. Бұл жасөспірімдеріміздің Олимпиада ойындарындағы әзірге ең жоғарғы жетістігі. Одан бөлек, халықаралық команда сапында жас спортшыларымыз 1 күміс және 1 қола медаль иеленді.

Алтын жүлдегерлер: Бекарыс Сәдуақас (дзюдо), Диас Бахраддин (ескек есу), Глеб Брусенский мен Евгений Федоров (велоспорт), Айбек Оралбай (бокс).

Күміс жүлдегерлер: Дамир Тойбай (бокс), Талғат Шәйкен (бокс), Маргарита Гриценко (дзюдо).

Қола жүлдегерлер: Надежда Рябец (бокс), Стелла Суханова (ескек есу), Әбілмансұр Батырғали (карате).

Халықаралық команда сапында Роза Абитова (көркем гимнастика) күміс, Бекарыс Сәдуақас (дзюдо) қола медаль жеңіп алды.

ІІІ Жазғы жасөспірімдер олимпиадасы 6-18 қазан аралығында өтті. Оған 206 мемлекеттен 4 мың спортшы қатысты. Жарыстар бағдарламасына спорттың дәстүрлі 28 түрінен бөлек, спорттық билер (брейк-данс), каратэ, тауға өрмелеу, роликпен сырғанау қосылды.

Байрақты додада ел намысын 58 спортшы қорғады.

Соңғы жаңалықтар