Астаналықтар Наурыз мейрамын қалай атап өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат агенттігі Наурыз мерекесіне орай Астана қаласында өтетін мәдени және спорттық шаралар жоспарын ұсынады.

18 наурыз күні сағат 11.00-де Теміржолшылар, Интернациональный тұрғын алаптарында Наурыз мерекесіне арналған халықтық серуен мен мерекелік концерт ұйымдастырылады.

18-19 наурыз күндері 11.00-де Промышленный, Мичурино тұрғын алаптарында Наурыз мейрамына арналған мерекелік шара өтеді. Мереке қонақтарына наурыз көже, палау, бауырсақ таратылады.

18-24 наурыз күндері 10.00-18.00 аралығында С. Сейфуллин музейінде «Қош келдің, әз Наурыз!» көрмесі қойылады.

19 наурыз күні 11:00-де «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының маңында Наурызға арналған мерекелік концерт басталады.

Осы күні сағат 19.00-де «Астана» концерт залында (Бұрынғы Конгресс-холл) «Ұлы даламның Ұлыс күні» мерекелік концерті өтеді.

Сонымен бірге, Бейбітшілік және келісім сарайында сағат 19.00-ге «Қазақ аруы - 2019» ұлттық сұлулық байқауы жоспарланған.

20 наурыз күні 19.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Томирис - сақ патшайымы» драмасын көрерменге ұсынады.

21-25 наурыз күндері «Астана» концерт залында сағат 10.00-20.00 аралығында «Наурыз» көрмесі ұйымдастырылады.

Айта кетейік, Наурыз аясында Астанада түрлі форматтағы 40-тан астам іс-шара өтетіні жоспарланған. Алты алаңда киіз үйлер тігіліп, этноауылдар ашылады. Келушілер мерекелік концертті тамашалап, қазақ күресі, арқан тартыс, гір көтеру, асық ату және армрестлинг сияқты ұлттық спорт түрлерінен күш сынасады. Астана тұрғындары мен қонақтары бауырсақ, палау, наурыз көже, ірімшік тағамдарынан дәм татып, алтыбақан тебеді. Жалпы, Наурыз мейрамына орай қалада 50-ге жуық киіз үй мен 10-нан астам алтыбақан орнатылады.

Мереке атап өтілетін негізгі орындар: ЭКСПО аумағы, Қалалық алаң, «Қазақ елі» монументі, «Жастар» сарайы, сондай-ақ «Жетісу» саябағы. Бұдан басқа, он тұрғын үй алабында (Қазқалашық, Өндіріс, Железнодорожный, Мичурино, Интернациональный, Промышленный, Пригородный, Үркер, Көктал-1, Көктал-2) фондық алаңдар ұйымдастырылады. Жеті тұрғын үй кешені («7-Я», «Ақбұлақ таун», «Қайнар», «Апато», «Достар», «Саламат», «Зерде»), сондай-ақ «Жастар» театрының алаңы да бар. Барлық алаңдарда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, киіз үйлер, алтыбақандар орнатылады. Мереке күндері сауда-саттық ұйымдастырылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.

Басты этноауыл 21-22 наурызда ЭКСПО ауданында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы монументінің жанында ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, елордада мейрам құрметіне ірі спорттық шаралар жоспарланған. 21 наурызда (сағат 21:00-де) «Астана арена» стадионында футболдан Еуропа чемпионаты-2020 (EURO-2020) іріктеу циклы аясында Қазақстан мен Шотландия құрамалары кездеседі.

Сондай-ақ, Қазақ күресінен алғаш рет шығармашылық сала өкілдері арасында «Өнер Барысы» республикалық турнирі ұйымдастырылады. Бұған дейін хабарланғандай, дүбірлі дода 21 наурызда сағат 14:00-де «Дәулет» спорт кешенінде басталады. Елімізге танымал артистер мен музыканттар боз кілемге шығып, белдеседі. 20-дан астам палуанның арасында бірде бір кәсіпқой спортшы жоқ. Әншілер, айтыскерлер, актерлер, КТА-ға қатысушылар ұлттық спорт түрінен шеберлік байқасады. Қайрат Нұртас, Абай Аязбаев, Серік Ибрагимов, Мейіржан Төребаев, Амангелді Өтешов, Асылхан Төлепов, Артур Төлепов, Аян Өтепберген, Нұрлан Мұсаев, Еркебұлан Дайыров, Әлібек Серғалиев, Нұрболат Абдуллин, Ардак Байғабыл, Ғалым Махамбетов, Ақболат Өтебай, Сырымбет Бибосынов, Хамит Ердехан және басқалары күш сынасады.

Сонымен қатар, 24 наурызда Есіл өзенінің жағасында қалалық триатлон-паркте Astana Nauryz Marathon ірі қайырымдылық спорттық шарасы өтеді. Жарыс жолына шығатын 1 мыңнан аса адам төрт дистанцияға жүгіреді: кәсіпқойлар - 21 км, әуесқойлар - 10 және 5 км, балалар мен жас спортшылар - 500 м. Марафон ақылы, оған қатысу үшін www.astananauryzmarathon.kz сайтында тіркелу қажет.

Бұған дейін Астанада Наурыз мейрамын жаңа форматта тойлау басталып кеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар