Астаналықтар медициналық қызметті QR код арқылы бағалай алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада денсаулық сақтау мекемелері мен дәрігерлердің қызметін бағалайтын жаңа ақпараттық жүйе ензілілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Астанадағы барлық медициналық мекемелерде QR код орнатылуда. Ол арқылы ем алушы сауалнама бөліміне өтіп, сол мекемеде көрсетілген қызмет туралы пікір қалдырып, бағасын бере алады. Соның нәтижесінде әрбір мекеме қызметіне талдау жасалып, рейтингі құрылады», - деді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Нәдіров әкімдік отырысында.

Оның айтуынша, аталған жаңашылдық медмекемелердің қызметтік көрсеткішін онлайн режимде мониторинг жасауға көмектеседі. Одан бөлек, Smart Astana қосымшасы арқылы қабылданатын пікірлер негізінде дәрігерлердің де рейтингі жасалады.

«Ескеретін дүние, сауалнама дәрігерлердің тікелей кәсіби тәжірибесі мен құзыретіне қатысты емес. Басты назар олардың медицина қызметкері ретіндегі этикасына аударылады. Яғни, дәрігер пациентті қабылдау кезінде оған тиісті назар аударылды ма немесе қандайда бір дөрекі әрекет көрсетпеді ме деген мағынада. Сол сияқты медициналық қызмет көрсетудің сапасын көтеру мақсатында, біз емделушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің халықаралық стандартын енгізудеміз», - деді ол.

Сонымен қатар, басқарма басшысы қаладағы iKomek жедел әрекет ету орталығына медқызметкерлердің бейәдеп әрекетіне қатысты 68 шағым түскенін айтып өтті.

«Жыл басынан бері 465 мың адам қаладағы емханалар қызметіне жүгінді, 25 мың адам стационарлық жағдайда емделді және 50 мың рет жедел жәрдем көмегі шақырылды. Осылайша үстіміздегі жылдың қаңтар айында елордалықтарға 540 мың медициналық көмек көрсетілді», - деді Қ.Нәдіров.

Соңғы жаңалықтар