Астаналықтар FIFA-2018 ашылу салтанатын ашық аспан астында тамашалай алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан FIFA-2018 Әлем чемпионатын Қазақстан аумағында «Qazaqstan» және «QAZSPORT» телеарналары трансляциялайды. Бұл туралы «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көрермендеріміздің отандық «Qazaqstan» және «QAZSPORT» телеарналары арқылы ауқымды футбол оқиғаларын көре алатынына қуаныштымыз. Біз әлем біріншілігінің барлық 64 матчын трансляциялаймыз. Бұған дейін «Қазақстан» телерадиокорпорациясы 6 жылға - 2017 жылдан 2022 жылға дейін 2018 және 2022 жылдары өтетін екі бірдей әлем чемпионатын трансляциялау құқығын алған еді», - деді ол.

Сондай-ақ, Ерлан Қарин Әлем кубогы аясында жоспарланған арнайы жобалар туралы әңгімеледі.

«14 маусым мен 15 шілде аралығында әрбір матч алдында «Ресейдегі футбол мерекесі» атты ақпараттық-талдау бағдарламасы көрсетіледі, онда алдағы ойындардың ерекшеліктері талқыланады. Сонымен қатар, чемпионат бойы жанкүйерлерге «Өткен матчтарға шолу» күнделікті және апта сайын ұсынылмақ.  «Әлем чемпионаттарының калейдоскопы» ақпараттық-танымдық бағдарламасы эфирге шығып үлгерді, онда 1930 жылдан бастап, барлық әлем чемпионаттарының қысқаша тарихы, қызықты деректер беріледі. 14 маусым күні «Қазмедиа орталығының» медиа фасадында ашық аспан астында ӘЧ ашылу салтанаты мен Ресей-Сауд Арабиясы топтық кезеңінің матчын тамашалауға болады.  Тікелей көрсетілім «Qazaqstan» телеарнасы арқылы жүргізілмек. Астана тұрғындары мен қонақтарын бұл ауқымды шараны бірге көруге шақырамыз. Көрсетілім 14 маусым күні 19:30-да «Нұржол» желекжолы жағында ұйымдастырылады», - деді Ерлан Қарин.

Еске сала кетсек, Футболдан 21-ші әлем чемпионаты 14 маусым - 11 шілде күндері Ресейдің 11 қаласында өтеді. Алғашқы матч 14 маусымда  Мәскеудегі танымал «Лужники» стадионында өтеді. Топтық кезең 28 маусымда аяқталады, ал финаллық ойын 15 шілдеге жоспарланған.  Чемпионатқа әлемнің 32 үздік ұлттық құрамалары қатысады.

Кездесулер Ресейдің 11 қаласында - Мәскеу, Волгоград, Екатеринбург, Қазан, Калининград, Төменгі Новгород, Ростов, Самара, Санкт-Петербург, Саранск және Сочиде ұйымдастырылады.

Соңғы жаңалықтар