Астаналықтар дәрігерлердің дөрекі сөйлеуіне жиі шағымданады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда тұрғындары көбіне емханалардағы медициналық қызмет сапасына, ұзын-сонар кезекке және дәрігерлердің дөрекі сөйлеуіне шағымданады. Бүгін бас шаһарда БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қалалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Медициналық сақтандыру қорының негізгі басымдықтарының бірі – пациент құқығын қорғау. Осыған орай кері байланыс құралдары арқылы түсетін шағымдар мен өтініштер ерекше бақылауда болады. Жыл басынан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Астана қаласы бойынша филиалының қызметкерлері 6237 өтініш қабылдады. Оның ішінде 3302 – шағым, 417 – алғыс, 206 – шағын және орта бизнес үшін сақтандыру мәртебесін түзету, 2312 – жеңілдік санаты бойынша уақытша мәртебе беру өтініштері.

Шағымдардың негізгі бөлігі «1406» байланыс орталығы мен «Qoldau 24/7» мобильдік қосымшасы арқылы түседі. Түскен барлық шағымдар бойынша шара қабылданып, өтініш иелеріне жауап берілді. Тұрғындар көбіне емханалардағы медициналық қызмет сапасына, консультативтік-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігіне, кезектің ұзақтығына және медицина қызметкерлерінің дөрекі сөйлеуіне шағымданады» - деді Нұрлыбек Қабдықапаров.

Сонымен бірге ол жыл басынан халыққа көрсетілген медицина қызметтерінің сапасына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 366 029 кемшілік анықталып, 1 млрд 737 млн теңге өндірілгенін мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар