Астаналықтар Арыс тұрғындарына 200 млн теңге аударды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Алтай Көлгінов жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласына қандай көмек көрсетіп жатқандарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету және қаланы қалпына келтіру бойынша бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов құрылыс бригадаларымен бірге Арыс қаласына барады. Түркістандық әріптестермен бірге тұрғын үйлер мен басқа да инфрақұрылым объектілерін қалпына келтіру жұмыстарын бастайды. Ол жерде біздің шатыр-лагерьлеріміз болады», - деп жазды елорда әкімі әлеуметтік желідегі парақшасына.

Сонымен бірге, әкім Арыс қаласының зардап шеккен тұрғындарына бір күндік жалақысын аударып, қолдау көрсеткен қызметкерге және қала тұрғындарына алғыс білдірді. Бүгінге дейін мемлекеттік органдардың, қалалық мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері Арыс тұрғындарына жалпы сомасы 200 млн теңге аударды. Азаматтар тарапынан арыстықтарға көмек ретінде «Нұрлы-Астана» қорына әлі де қаржы аудару жалғасуда.

Арыс қаласының 500-ге жуық баласының жазғы демалысын астанада өткізуді қолға алдық. Оларға қаламыздың көрікті жерлері бойынша экскурсиялар, мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Бұл шаралар 1 шіледеден басталады. Еуразиялық ұлттық университеті балаларды жатын орынмен қамтамасыз етіп, жатақханаларын ұсынып отыр. Сонымен бірге, балаларға қажетті заттар, киім, мектеп құрал-жабдықтары сыйланады.

«Халықтың бірлігі осындай қиын сәттерде танылады. Еліміздің әрбір азаматы Арыс қаласының тұрғындарына алаңдаушылық білдіріп отыр. Астаналықтар да зардап шеккендерге көмек көрсетуден шет қалмайды», - дейді Алтай Көлгінов.

Соңғы жаңалықтар