Астаналықтар Алғыс айту күнін қалай тойлады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астандағы Достық үйі нағыз достықтың шаңырағына айналды. Қазақ халқына өз ризашылығын білдіріп, Алғыс айту күнін тойлауға келген өзге этнос өкілдерінің көп болғаны сонша, қайырымдылық жәрмеңкесіне ұлттық тағамдарын қоямыз деп, орынға таласып қалғандар да болды. ҚазАқпарат тілшісі көктемнің алғашқы күнімен келген мейрамды кәріс, украин, дүнген, ұйғыр, түрік, әзербайжан, ингуш, осетин және басқа да ұлт өкілдерімен бірге тойлап, ұлттық тағамдарының рецептін біліп қайтты.

Достық үйінің іші де, сырты да лық толы болды. Сыртта көлік қоятын жер табылмаса, іште ине шаншар жер болмады. Кіреберісте ансамбль, ал дөңгелек залға кірген адамдарды қазақтың ұлттық киімін киген ару қыздар қарсы алды. Сол жерге бір қазан бауырсақ пен құрт қойылып, халыққа тегін таратылды.

null

Қайырымдылық жәрмеңкесіне ұлттық тағамдардың түр-түрі қойылды. Түріктің пахлавасы, дүнгеннің жұсай қосылған мәнтісі, украинның бәліштері, кәрістің күріштен жасалған қытырлақ наны және басқа да тәтті тағамдар көздің жауын алып, адамның сілекейн шұбыртты. Мәселен, түрік этно-мәдени бірлестігі су береи, сарма, мерджимек кефте сияқты тағамдарды алып келді. «Мерджимек кефтені алатын болсақ, «мерджимек» ол - жасымық, ал «кефте» ол - котлет. Былайша айтқанда, жасымықтан жасалған котлет, бұл - вегетариандарға арналған тамақ. Негізі, бүгін біз көп нәрсені әкеле алмадық. Себебі сыймайтын еді», - дейді түрік этно-мәдени бірлестіктің төрағасы Әскер Пириев.

null null

Ингуш этно-мәдени бірлестіктің өкілі Әмина да өзінің ұлттық тағамдарын таныстырды. Оның айтуынша, «кынғылыш», «чабугш» сияқты шелпектерді жасау қиын емес. Ішіне асқабақ немесе картоп салуға болады. «Алдымен жұқа шелпектерді дайындайды да ішіне асқабақты, я болмаса картопты салады. Сосын табаға майсыз қуырады. Мысалы, «чабугш» деген шелпекті қайнаған суға бір салып алады да орамалдың үстіне жаяды. Басқа шелпектердің сыртын маймен жағады», - дейді Әмина. Ал осетиндердің ұлттық бәліштері «фыджы» деп аталады екен. Оның ішіне асқабақ пен жаңғақ салады. Сосын оған қатысты бір салт та бар. Мейрам күндері үш шелпек жасалады. Үшеуінің мағынасы - күн, аспан және жер. Ал адам өмірден озғанда екі-ақ шелпек істейді. Ол - күн мен аспан.

null

Бұдан бөлек, украин, кәріс, әзербайжан, татар, башқұрт және тағы басқа этностардың өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын ғана емес, қолдан жасаған бұйымдарын да алып шықты. Ал өзбектердің этно-мәдени бірлестігі бір қазан палау әкелді.

null

Қайырымдылық жәрмеңкесіне шығарылған барлық тағамдар мен бұйымдар арзан бағаға сатылды. Одан түскен ақша «Асыл адам» қоғамдық қорына аударылады. Соның есебінен Қарағанды қаласында өртеніп кеткен екіқабатты үйдің тұрғындарына баспана сатып алу жоспарланған. «Өткен жылы 7 наурыз күні үйіміз өртеніп кетті. Қарағандының Михайловка деген жерінде тұрдық. Екіқабатты үйде сегіз отбасы тұрды. Сөйтіп, баспанасыз қалдық. Әкімдікке бардық. Олар айтуынша, бізде болған өрт төтенше жағдайға жатпайды. Алдында бір институт ол үйде тұруға болмайды деген қорытынды берген. Әкімдік көмектесе алмаймыз деді. Ол күні қатты жел болды. Үй 45 минуттың ішінде жанып кетті. Қазір бәріміз туған-туыстарда тұрып жатырмыз», - дейді Виктория Тен.

null

Бүгінгі мерекеге Парламент депутаттары да келді. Барлығы Алғыс айту мерекесінің маңыздылығына ерекше тоқталып, тарихты ұмытпау қажеттігін жеткізді. «Бәріміз жақсы білеміз, 30-шы жылдары Сталиннің репрессиясымен бірталай халықтар қазақ еліне келіп, осы жерде үйлерін тапты. Соның ішінде кәріс депортациясы, неміс пен Кавказ халықтарының депортациясы бар. Сол кезде қазақ халқы қиын жағдайда тұрса да, көшіп келген халықтарға қол ұшын беріп, дәм-тұзымен бөлісті. Сол халықтардың бәрі әлі күнге дейін қазақ елінде тұрып жатыр. Мен ойлаймын, бүгінгі күн - барлық қазақстандықтардың ортақ мейрамы», - деді Сенат депутаты Еділ Мамытбеков.

null

Айта кетейік, 1 наурыз - Қазақстан xалқы Ассамблеясының құрылған күні. Осыдан төрт жыл бұрын Ассамблеяның XXII сессиясында Мемлекет басшыны Нұрсұлтан Назарбаев осы күнді «Алғыс айту күні» деп жариялауды ұсынды. Аталған шараның негізгі мақсаты - қазақ халқының өзге ұлттарға көрсеткен қамқорлығын ұмытпау, сол үшін ризашылық білдіру. Қазақстан xалқы Ассамблеясының мәліметіне сәйкес, биыл аталған мерекені атап өту аясында республика бойынша 1 570-ке жуық мәдени-көпшілік және қайырымдылық шаралары өтеді. Соның бәріне 1 миллион 400 мыңнан астам адам қатысады деген болжам бар.

null

Соңғы жаңалықтар