Астаналық жасөспірім бірінші болып Pfizer вакцинасын салдырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астаналықтар коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасын салдыра бастады, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің жасым 17-де, Л. Гумилев атындағы Еуразия университетінің 1-курс студентімін. Вакцина алған себебім - алдымен өзімнің қауіпсіздігімді ойладым, екіншіден қоғам қауіпсіздігі үшін. Екпе алмас бұрын оған қатысты ақпараттармен таныстым, оның ішінде Pfizer туралы да оқып, білдім. Қазір өзімді жақсы сезініп тұрмын, әзірге ешқандай кері әсер байқалмайды», - деді Төрежан Тұрсын.

Астаналық жасөпірім Pfizer екпесін №8 қалалық емханада салдырды.

«Ата-анам вакцина алуыма қарсы болған жоқ, керісінше алғанымды қалады. Өзім коронавируспен ауырғам, бірақ жеңіл түрде өтті. Жалпы вакцинаға қатысты түрлі алып-қашпа әңгімелер бар, осы орайда айтарым, бастысы ата-анамның рұқсатын алдым, қалғаны маңызды емес. Оқу орнында да ешқандай вакцина алуға үгіттеу шарасы өткізілген жоқ. Тек бізден кәмелетке толған-толмағанымыз туралы сұрады», - дейді ол.

Одан бөлек, студент вакцина алмас бұрын дәрігерлер оған қатысты ақпаратты ұсынғанын айтты.

«Балама вакцина салдырмас бұрын мән-жайды айтып түсіндірдім. Содан кейін вакцина алу туралы шешімге келдік. Ешқандай күдік, қорқыныш болған жоқ. Біз бұған дейін отбасымызбен коронавируспен ауырып шыққанбыз. Күйеуімде жеңіл өтті, себебі ол екпе алған. Балама келсем, ол студент, көпшілік жерде жүреді, оның үстіне автобусқа мінеді. Қоғамдық көлікте көп адам маска тақпай жүреді. Сондықтан да денсаулық қауіпсіздігі үшін балама вакцина алуға кеңес бердім», - дейді жасөспірімнің анасы Бақтыгүл Омарбекова.

Айта кетейік, елордаға Pfizer екпесінің алғашқы партиясы 12 қараша күні жеткізілді.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтанда аталған вакцинаны алуға болатын медициналық ұйымдардың тізімі жарияланды.



Соңғы жаңалықтар