Астаналық ұрылардың кейпі суреттелді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада ұрлық жасайтын адамдардың кейпі қандай? Және өткен жылы қанша ұры ұсталып, жазаланды? Бұл сұрақтарға Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім басшысы Диас Қадіров жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұрылар көбіне жалғыз әрекет етеді. Өткен жылы 2 мыңға жуық ұры ұсталып, жауапқа тартылды. Оның ішінде 70 қылмыскердің топтық ұрлыққа қатысы бар. Яғни бірнеше адам топтасып, ұйымдасқан түрде ұрлық жасайды. Мысалы, бірі сырт көз болса, екіншісі ұрлайды, ал үшінші адам ұрланған мүлікті алып кетеді. Ұсталған 2 мың ұрының 1900-і қалтаға қол сұғумен жалғыз айналысады», - деді Диас Қадіров полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, полиция департаментінің өкілі астаналық ұрылардың кейпін суреттеп берді.

«Ұрлық қадамына көбіне жұмыссыз адамдар барады. Және елордадағы 10 ұрының 8-і сырттан келгендер. Сонымен қатар олардың арасында ішімдікке құмар және психотроптық заттарды қолданушылар да бар. Олар жеңіл табысқа кенелу жолында ұрлыққа жасайды. Қолды болған ұрлықшы алдымен изоляторға қамалады. Және күдіктімен әңгіме, түсіндіру жұмысы өтеді. Қажет болған жағдайда психологиялық көмек көрсетіледі. Дүкен сөрелерінен түрлі ұсақ заттарды ұрлайтындардың 70 пайызы нашақорлар. Олар ұрлаған заттарды басқа дүкенге апарып, өзін сауда желісінің өкілімін деп таныстырып өткізеді», - дейді ол.

Бұған дейін криминалдық полиция басқармасының басшысы елордада ұрлық көбіне қай жерде жасалатыны туралы айтқан еді.

Одан бөлек, брифинг барысында елімізде ұрлық жасау қылмысы бойынша жазаның қатаңдатылғаны белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар