Астаналық тұрғын өз-өзін «тонап», 5 млн теңге жымқырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жұмыс берушінің 5 млн теңгесіне қызыққан елордалық жүргізуші тонау қылмысын қолдан ұйымдастырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана тұрғыны «102» нөміріне хабарласып, белгісіз адамдардың өзін қонақ үйдің жанында пышақтап кеткенін мәлімдеген. Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің мәліметі бойынша, «жәбірленуші» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінде жүргізуші-экспедитор болып жұмыс істейді. 34 жастағы жігіттің айтуынша, көлікте отырған кезде «бетперде киген екі ер адам келіп, пышақпен қорқытып, ақша талап еткен».

«Арада төбелес туындаған-мыс. Тонаушылар жүргізушіден 5 млн теңгеге жуық ақша салынған дорбаны тартып әкетіп, іздерін суытқан. Жараланған жүргізуші қалалық ауруханаға жеткізілді», - деп жазады департаменттің баспасөз қызметінен.

«Қылмыс жасалған» жердегі бейнебақылау камераларының бәрін тексерген сақшылар жәбірленушінің жарақат алған уақыты мен күдіктінің жолы түйіскен сәттің айырмашылығын байқап, мәліметтердің шынайылығына күмәндана бастайды.

Полиция жүргізушінің сол күнгі қозғалысын түгелдей зерделеп, ақыры пәтеріне тінту жүргізген екен. Нәтижесінде «тоналған» ақша сол пәтерден табылған.

«Бұлтартпас дәлелдер шыққаннан кейін «жәбірленуші» қылмысын мойындады. Ол ақшаны өзі иемдену үшін тонауды қолдан жасағанын растады. Қазір оның үстінен көрінеу жалған ақпарат бергені және қылмыстық әрекетке барғаны үшін тергеу жүріп жатыр», - деп жазылған ресми мәліметте.


Соңғы жаңалықтар