Астаналық тәртіп сақшылары баспаналы болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлеріне келесі аптаға дейін қызметтік пәтер табыс ететін болады. Бұл туралы бүгін «Астана» концерт залында Қазақстан полициясы күні құрметіне өтіп жатқан шарада шаһар басшысының орынбасары Қосман Айтмұхаметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан полициясы күні мен Мемлекеттік қызметкерлер күні құрметіне өткен шарада Қосман Айтмұхаметов тәртіп сақшыларын кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Құқық қорғау саласы қашан да қоғам тыныштығы мен тұрақтылығының кепілі. Бұл орайда еліміздің және еңселі елордамыздың бүгінгі бейбіт өмірі мен тіршілігі ең алдымен өздеріңіздей іске мығым азаматтарымыздың адал еңбегінің арқасы. Бүгінгі ішкі істер органдарына түсетін жүк те оңай емес. Уақыт өткен сайын қылмыстардың түрлері өзгеріп келе жатыр. Дегенмен, жаңа технологияларды меңгерген астаналық тәртіп сақшылары ел мүддесіне лайықты қызмет етіп келеді. Елордамызды дамытуға үлес қосқан үлестеріңіз және қоғам алдындағы қызметтеріңіз үшін өздеріңізге зор алғысымызды білдіреміз», - деді қала әкімінің орынбасары.

Сөз соңында Қосман Айтмұхаметов құқық қорғаушыларға қала басшысы Әсет Исекешевтің ыстық сәлемін жолдады.

«Құрметті әріптестер! Әсет Өрентайұлы шұғыл қызметтік іссапармен шығып кетті. Маған өз атынан тәртіп сақшыларын құттықтауды тапсырды. Және қала басшысы осы немесе келесі аптаның басында қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлерін қабылдайтынын айтты. Сондай-ақ, ол өз сөзінде қызметтік пәтер табыстайтынын атап өтті. Марат Шыңғысханұлы (Марат Қожаев - ІІД бастығы) әкім осылай деді», - деді Қосман Айтмұхаметов.

Еске сала кетсек, бүгін Елордадағы «Астана» концерт залында Қазақстан полициясы күні мен Мемлекеттік қызметкерлер күні аясында ауқымды іс-шара ұйымдастырылып, елорданың үздік құқық қорғаушылары марапатталған болатын. Шара барысында ҚР ІІМ министрінің бұйрығымен 30 полицей «қоғамдық тәртіпті қорғағаны үшін» медаліне ие болса, 4 қызметкер ІІБ үздігі атағына ие болды. Тағы 4 тәртіп сақшысына мерзімінен бұрын шен тапсырылды. Сонымен қатар, қалалық ІІД басшысының бұйрығымен 170-ке тарта құқық қорғаушы марапатқа ие болып отыр. Оның ішінде 50 медаль ІІД ардагерлеріне табысталса, тәртіп сақшыларының ішінде «Қазақстан полициясына 25 жыл» және «Астана ІІД-ге 20 жыл» медальдарына ие болғандар бар. Марапатқа ие болған құқық қорғаушыларға бағалы сыйлықтар мен сағаттар, алғыс хаттар тапсырылды. 

 

Соңғы жаңалықтар