Астаналық студент донорларды ынталандыратын қосымша жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада өтіп жатқан «Jastar jаlyny сamp-2019» жастар лагерінің қатысушылары әлеуметтік жобаларын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласының Менеджмент және бизнес колледжінің студенті Мөлдір Боранбаева «Жүрек қалауы» атты жоба ұсынған. Жоба арқылы колледж студенттері әр сенбі сайын қала халқына тегін көмек көрсетеді және мамандықтары бойынша тәжірибе жинақтайды.

«Мәселен, болашақ заңгерлер халыққа тегін консультация беріп, олардың сұрақтарына жауап береді. Дизайнерлер мен тігіншілер мұқтаж жандардың киімін тігеді. Шаштараздар өз кәсібі бойынша көмек көрсетеді. Бізге ата-әжелер көп жүгінеді. Науқан біздің колледждің мәжіліс залында өтеді. Біздің тұрақты клиенттеріміз де бар», - дейді М. Боранбаева.

Бұл бастаманы колледж басшылығы қолдаған және оннан астам студент өз тәжірибесін шыңдаған.

«Астана жастары» ұйымдастырған бүгінгі лагерь арқылы жобамызды өзге оқу орындарына көрсеткіміз келеді. Әр қаладан осындай пайдалы жобалардың ашылғанын қалаймыз», - дейді студент.

Тағы бір қатысушы – «Астана» медициналық университетінің 4-курс студенті Рузи Шихов пен оның командасы қан донорларына арналған мобильді қосымша әзірлеген.

«Біздің жоба Қазақстандағы қан донорларын көбейту мақсатында жасалған. Біздің қосымша донорларды ынталандыра түседі. Яғни, әр процедура сайын купон алып, оны келісім орнатқан кәсіпкерлердің жеңілдігіне айырбастай алады. Одан бөлек, қан тапсыру үшін қайда бару керек, не істеу керек деген сұрақтарға жауап жазылған. Әр қолданушының жеке кабинетінде өзі туралы ақпарат, қанының сипаттамасы, ВИЧ-жұқпасы мен В гепатитін жұқтырмағаны туралы анықтама тұрады», - деп түсіндірді Р. Шихов.

Әзірге мобильді қосымшаның бета-нұсқасы Android платформасына орнатылған.

«Қосымшаны толық жасап шығару үшін қаражат керек. Әзірге, жеңілдіктер бөлігін де аяқтамадық. Себебі, жеңілдік ұсынатын кәсіпкерлерді табу қажет. Қоғамдық орындар мен әлеуметтік желілерде донорлықтың маңызын түсіндіруді жалғастырамыз», - дейді Р. Шихов.

Айта кетейік, 17, 18, 19 қыркүйек күндері елордада «Jastar jalyny Camp – 2019» жастар лагері өтеді. Онда жастарға арналған шеберлік сағаттары мен тренингтер, футбол және волейболдан турнирлер өтеді. Сонымен бірге, жастарды зияткерлік ойындар, спорттық, шығармашылық жарыстар және «Open Air» кеші ұйымдастырылады.



Соңғы жаңалықтар