Астаналық полицейлер мектеп түлектерінің кештеріне қатысады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері мектепті бітіру кештерін өткізу кезінде тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалайтын болады. Бұл туралы елорданың Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

12-21 маусым аралығында Нұр-Сұлтан қаласының барлық мектептерінде түлектер кеші өтеді.

«Осыған байланысты, полиция қызметкерлері іс-шаралар өткізілетін жерлерде қоғамдық және жол қауіпсіздігін сақтау мен қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдауда. Әр білім беру ұйымына департаменттің полиция қызметкерлері бекітілген. Қоғамдық тәртіпті күзетумен қатар, мектепті бітіру кештерінде тікелей іс-шаралар өтетін орындардың жанында патрульдік полиция нарядтары кезекшілік етеді. Жол және қоғамдық қауіпсіздікті 400 полиция мен 40 автопатруль жүзеге асыратын болады», - деді департаменттен.

Мәлім етілгендей, полицейлер бұған дейін оқу орындарының оқытушылар құрамымен кездесіп, негізгі қауіпсіздік шаралары туралы әңгімелесу өткізген.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандар түнгі уақытта ата-ананың немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз үйінен тыс жерде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын (ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-бөлігі, 2-бөлігі, 3-бөлігі «кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын жайдан тыс жерде болуы» (ескертуден бастап айыппұлға дейін 15 АЕК) еске салды.

Соңғы жаңалықтар