Астаналық өрт сөндірушілер 4 жасар баланы құтқарып қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада кезекті құтқару оқиғасы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат жергілікті ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Күндізгі сағат 15:45-те Ғабдуллин көшесінде баланың құлағалы тұрғаны жайлы хабар келіп түсті. Арада 8 минут өткенде 2-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері оқиға орнына жетіп, 9 қабатты тұрғын үйдің 2-қабатының терезесінде кішкентай баланың құлауға шақ қалғанын анықтады. Құтқарушылар үш бағанды баспалдақты 2-қабаттың терезесіне қойып, тез арада баланы құтқарды» делінген ТЖД хабарламасында.

2-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Арман Сатайбаев пен аға құтқарушы Ерлан Хамитбековтың жедел әрі байыпты іс-әрекетінің арқасында 2014 жылы туған бүлдіршін аман қалды. Қазір оның жағдайы қанағаттанарлық. Бала үйде үлкендердің бақылауынсыз жалғыз қалып қойған екен.

Астана қалалық ТЖ департаменті балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды. Биіктіктен құлау оқиғалары көп жағдайда ата-анасы баланың бір өзін оңаша қалдырып кеткен жағдайда орын алады.

«Терезедегі торға сенбеңіздер. Олар баланы құлаудан сақтауға арналмаған. Керісінше, тор қайғылы оқиғаға себепші болады, өйткені бала оның беріктігіне сеніп, терезеге сүйенгендей оған да алаңсыз сүйенеді. Сөйтіп төтенше жағдай орын алады. Сондай-ақ балаларды ересектердің бақылауынсыз балконға шығармауға тырысыңыздар. Ұйықтап жатқан баланы ешқашан пәтерде жалғыз қалдырмаңыздар. Ол оянып, терезеге қарай өрмелеуі мүмкін. Балаларға барынша абай болыңыздар», - деп ескертеді ТЖД қала тұрғындарына. 

Соңғы жаңалықтар