Астаналық өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің әріптестеріне психологиялық көмек көрсетіліп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қызметтік міндетін атқару кезінде денесінің 80 пайызын күйік шалып, кейін ауруханада қайтыс болған Асқар Забикулинмен қатар, оқиға орнында жұмыс істеген құтқарушыларға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Қаһарман» тұрғын үйіндегі өртті сөндіру жұмыстарын жүргізген 10 өрт сөндіруші-құтқарушы ТЖМ Психологиялық даярлық орталығында психологиялық оңалтудан өтіп жатыр. Мақсат – қызметтесінен айрылған құтқарушыларды күйзелістен оңалту, сондай-ақ оларды психологиялық қорғау мақсатында мамандандырылған психотерапиялық көмек көрсету. Бұл психологиялық қысымды жоюға және қауіпті әрі жауапты маман иелерінің алдына қойылған міндеттерін орындауына психологиялық-эмоционалды жай-күйін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Психологиялық даярлық орталығы 2021 жылы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің бастамасымен ТЖМ қызметкерлерінің психологиялық даярлық деңгейін жетілдіру және арттыру мақсатында құрылған. Орталықтың бірегейлігі – қызметкерлерді психологиялық даярлау жүйесіне инновациялық көзқарас, жаңа қолданбалы технологияларды пайдалану, атап айтқанда жедел профайлинг, нейрофизиология және когнитивтік психология саласындағы бірегей әзірлемелер, сондай-ақ орталықтың тәжірибелі психологтері жинақтаған экстремалды психология саласындағы практикалық әдістер.

Арнайы жабдықты қолданумен 5-7 күн бойы өтетін психотерапиялық сессиялар төзімділік жаттығуларын, реакциялардың жылдамдығын, ойлаудың жеделдігін және психо-эмоционалды тұрақтылықты жаттықтыруға бағытталған.

Екінші кезеңде құтқарушылардың отбасы мүшелері психотерапиялық сеанстардан өтеді.

Орталықтың функцияларына кадрлық әлеуетті дайындау және анықтау, қызметкерлердің ресурстарын тану кіреді. Орталық жұмыс істеген уақыт ішінде 700-ден астам қызметкермен жұмыс жүргізіліп, 30-дан астам тренинг өткізілген.

Еске сала кетейік, елордада көпқабатты үйде өрт болып, 3 адам, оның ішінде бір бала ауруханаға түсті. Ал, 3 адамды құтқарған өрт сөндіруші Асқар Забикулинді 80% күйік шалып, жансақтау бөліміне жатқызылды. Оған достары көмек жинады.

Мемлекет басшысы ерлік көрсеткен және бірнеше адамның өмірін құтқарған елордалық өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.

Кейін оның отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификаты табысталған болатын.

Денесінің 80 пайызын күйік шалған өрт сөндіруші 20 қарашада ауруханада қайтыс болды.

Марқұмның отбасына көңіл айтқан Президент Астана көшесіне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ, Ғылым және жоғары білім министрлігі адамдарды құтқарып жүріп көз жұмған Асқар Забикулиннің отбасына грант бөлінгенін мәлімдеді.


Соңғы жаңалықтар