Астаналық онкология орталығының қарызы 2,7 млрд теңгеге жеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласындағы онкологиялық орталықтың «СК-Фармация» компаниясының алдындағы қарызы 2,7 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығындағы баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласындағы онкологиялық орталық – коммуналдық кәсіпорын және ол қала әкімдігіне қарайды. Міне, сондықтан, әкімдік ең алдымен осы мемлекеттік клиниканың қарыздары мен міндеттемелері үшін жауап береді. Бүгінгі таңда осы онкологиялық орталықтың СК-Фармация дәрі-дәрмектерін жеткізуші алдында қарызы бар. Барлық дәрі-дәрмектер СК-Фармация арқылы сатып алынып, жеткізіледі. Қарыз қазір 2,7 миллиард теңгені құрайды. Ол берешек соңғы бес жыл ішінде қордаланып қалған. Бес жыл бойы онкологиялық орталық қарызға батты да, «СК-Фармация» бұл дәрі-дәрмекті ақысыз жеткізіп отырды. Әйтсе де, онкологиялық орталық - толығымен бюджеттен қаржыландырылып отырған мекеме», - деді Денсаулық сақтау министрі.

Елжан Біртановтың айтуынша, осы клиниканың басшылығына қатысты ешқандай шара қолданылмаған.

«Сот «СК-Фармация» алдындағы қарызды төлеу туралы шешім қабылдады, өйткені «СК-Фармация» да - мемлекеттік компания. Енді дәрі-дәрмекті өндірушілердің шыдамы шегіне жетті - олар ақысыз дәрі-дәрмек жеткізгісі келмей, тасымалды тоқтатқалы отыр. Схема қалай жұмыс істейді: біз дәріханалардан дәрі-дәрмектің көлемі туралы өтінім қабылдаймыз. Зауыттардан сатып аламыз да, тасымал алдын ала төлемсіз жүзеге асырылады. Аурухана медициналық қызметтер үшін қаржыландырылып, кейін «СК-Фармацияға» ақшасын төлейді. Ал «СК-Фармация» фармацевтикалық зауыттарға ақшасын береді», - деп түсіндірді Елжан Біртанов.

Денсаулық сақтау министрлігі басшысының айтуынша, бүгінде елімізде мемлекеттік клиникалардың «СК-Фармация» алдындағы қарызы 17,7 млрд теңгеге жеткен.

Сондай-ақ, ол онкологиялық орталықтың қарызы қалай жабылатынын хабарлады.

«Міне, өкінішке қарай, бізде бұл орталыққа қатысты мәселе созылмалы сипатқа ұласты. Менің ойымша, бұл қарыз жергілікті бюджеттің есебінен жабылады. Сонымен бірге, ісікке қарсы дәрі-дәрмекті жеткізуді тоқтатып тастамай, науқастар зардап шекпес үшін тиісті бұйрық берілді», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар