Астаналық оқушылардың 70-80% үй маңындағы мектепке бармайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Astana Innovations» АҚ Басқарма төрағасы Олжас Сартаев 2019 жылы елордада жүзеге асырылатын жобалар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, жаңадан тұрғызылатын мектептер мен ауруханалар жаңа цифрлық карта деректеріне сәйкес жоспарланбақ.

«Big data, яғни үлкен деректерді қамтитын жаңа ақпараттық-талдамалық жүйені әзірледік. Ол арқылы Астана тұрғындарының қайда тұратынын және жұмыс істейтінін, қайда оқитынын көре аламыз. Сәйкесінше, жаңа ауруханалар мен мектептерді, емханалар мен жедел жәрдем бекеттерін адам көп шоғырланған орындарға тұрғызуға кеңес береміз», - деді Олжас Сартаев Астана әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ О. Сартаев елорда оқушыларының күн сайын өзге аудандарға барып білім алатынын, оларды жеткізіп салудан көлік кептелісі туындайтынын атап өтті.

«Қазақстанда жасалған жаңа жүйе көмегімен талдау жүмыстарын жүргізгенде, астаналық оқушылардың 70-80% үй маңындағы мектепке бармайтынын, күн сайын өзге аудандарға қатынайтынын білдік. Мұның объективті және субъективті себептері бар. Ата-аналарға еш шектеу қоя алмаймыз. Әйтсе де, баланы мектепке тасу көлік кептелісінің туындауына әкеп соқты. Сондықтан, жаңа мектеп тұрғызар кезде әкімдіктің нақты талдау деректеріне сүйенгенін қалаймыз», - деді ол.

Astana Innovations басшысы келер жылы ашық деректер саясатының енгізілетінін де жеткізді. Яғни, қала туралы кейбір деректер барлық тұрғындарға қолжетімді болады. Сонымен бірге, әкімдіктің әрбір басқармасы өз саласы бойынша инновациялық жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.

Соңғы жаңалықтар