Астаналық мұғалім Tartyl Fest турнирінің гранд-финалына қатысады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ерлан Кеукенов география және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ол Tartyl Fest республикалық турнирінің Астанадағы іріктеу турниріне қатысып, 30 жастан асқандар арасында 80-90 келі санаты бойынша жеңімпаз атанды. Ерлан оқытушы ғана емес, спорттың бірнеше түрінен шебер атағы да бар. Ол ҚазАқпарат тілшісімен алдағы гранд-финалға дайындық барысымен бөлісті.

Астаналық Ерлан Кеукенов 32 жаста. Негізгі жұмысынан бөлек, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «География» мамандығы бойынша докторантурада білім алып жатыр.

Tartyl Fest турнирінде турникке 26 рет тартылды. Нәтижесінде өз салмағында бірінші орынды иеленді. Айтуынша, бұл көрсеткішті ұлғайта түспек.

Жалпы спортпен 2007 жылдан беріп белсенді айнылысып келеді.

«Армлифтингпен (қолмен көтеру) айналысамын. Халықаралық спорт шеберімін және «Эскалибур» дәрежеде Қазақстан чемпионымын. Бұрын пауэрлифтингпен шұғылдандым, бұл спорт түрінен шебер кандидатымын. Одан бөлек, стритлифтингтен спорт шебері атандым. Сонымен қатар штанга көтеру және бицепстен де спорт шеберімін», - деді Ерлан Кеукенов.

«Жұмыстан соң гранд-финалға дайындалып, жаттығу жасап жүрмін. Жеңіске жету үшін бара жатырмын», - дейді ол.

Сондай-ақ турнир финалисі Tartyl Fest секілді спорттық іс-шаралардың пайдасы туралы айтты.

«Аталған шараның жастарды спортқа тартуда, сол сияқты жалпы спортты насихаттауда пайдасы зор. Осындай спорттық шаралардың жиі өткенін қалаймын», - деді ол

Еске салайық, 18 ақпан күні елордада Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалы өтеді.

Жарысты ҚР Президенті жанындағы «DARA» таланттарды қолдау қорының бастамасымен ұйымдастырды.

Жоба идеясын белгілі қазақстандық продюсер Нұрлан Қоянбаев ұсынған, ал жобаның бренд-елшісі – «Street Workout» бойынша рекордсмен Айтым Жақыпов.

Гранд-финалға өңірлік іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен 170 спортшы қатысады. Қатысушылардың жасы – 14-51 аралығында.


Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Соңғы жаңалықтар