Астаналық кондукторлар «қояндарды» ұстау үшін екеулеп жұмыс істеп жүр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада қатынайтын автобустардың бірінде жолаушылар екі кондуктордың жұмыс істеп жүргенін байқап қалды. ҚазАқпарат тілшісі сол автобусты тауып алып, ондай шараны не үшін енгізгенін білді.

Бас кезінде автобус кондукторы өз әріптесін тағылымдамашы (стажер-ред.) деп таныстырса да, артынан оның өзіне көмектесіп жүрген екінші кондуктор екенін жеткізіп, ондай шараға не үшін барғанын айтып берді. Алайда автобустың бағдары мен өзінің аты-жөнін көрсетпеуді сұрады. Өйткені қазіргі ережеге сәйкес, бір автобуста екі кондукторға жұмыс істеуге болмайды.

«Біз ондай шараға баруға мәжбүр болып отырмыз. Себебі таңертең және кешкі уақытта адам көп болады да, автобустың бір жақ шетінен екінші шетіне дейін жеткенше «қоян» болып мінетін жолаушылар жолақысын төлемей, түсіп кетеді. Ондай адамдар әбден үйреніп қалған. Жұмысқа бара жатқанда да, шыққанда да автобустың адамға лық толы екенін біліп шығады. Содан автобусқа мініп, үш-төрт аялдамадан кейін түсіп, кете береді. Сол себепті бүгін көмекке тағы бір кондукторды шақырдым. Жақсы болды, екі жақ шетінен кімнің кіргенін, кімнің шыққанын көріп отырамыз да, жолақысын лезде жинап аламыз. Әйтпесе, жалғыз жүргенде жолаушылардың арасымен сығылысып жүргенің. Бір жерден мінген адамдардың жолақысын жинап алғанша, кезекті аялдамадан кіріп жатады. Ондайда адамды да, ақшаны да санап үлгермейсің», - дейді автобустың өз кондукторы.

Оның айтуынша, бүгінде бір автобуста екі кондукторға жұмыс істеуге рұқсат жоқ. Автопарк басшылығы ақшаның есеп-қисабы бұзылып кетеді деп ойлайды. Дегенмен, әрбір жолаушы билет талап етсе, ақшаның есебі бұзылмайды.

Соңғы жаңалықтар