Астаналық кәсіпкер Головкинге ерекше сый дайындады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Әр жігітті көрсетер сұлтан етіп, әр қазаққа Самғаудан бір пар етік». Осы ұранмен ұлттық етікшілік өнерді жаңғыртып, кәсібін дөңгелетіп отырған астаналық кәсіпкер Самғау Нәсіпхан күні ертең өміріндегі ең жауапты айқастардың бірін өткізетін Геннадий Головкинге арнап етік тікті. «GGG» жазуымен, ұлттық оюмен нақышталған етікті Самғау бір ай бойы дайындаған екен. Қолдауын сөзімен емес, ісімен көрсеткен Самғау Нәсіпханға ҚазАқпарат тілшісі хабарласып, ерекше сый мен етікшілік өнер турасында әңгіме өрбітті.

«Жалпы, Геннадий Головкин мені қарапайымдылығымен, бүкіл жетістікке жеткен толағай еңбегімен, қайтпас қайсарлығымен, алдында қандай үлкен сындар тұрса да бүлк етпес салқынқандылығымен тамсандырады. Осыдан кейін боксшымызға қолдау бірдіруге ниет білдірдік. Тілеуін тілеудің екі жолы бар: бірі іштей риза болып, Гена батырымыз жеңсе деп тілесек, екіншісі тілеуің мен қолдауыңды ісің арқылы білдіру, бәлкім жанында жүріп жақсы сөз айту. Ал енді біз боксшымыздың жанында жүрмесек те, ұлттық нақыштағы етік жасап, артында елі бар екендігін білдіргіміз келді», - дейді Самғау Нәсіпхан.

Етіктің сырты сиырдың, іші ешкінің терісінен тігілген. Табаны түгелімен теріден, таза материалмен жасалған етік бір айдың ішінде дайын болыпты. Табанындағы шегелердің бәрі толығымен мыстан соғылған.

«Геннадий Головкинге етік тігу арқылы да өзіміздің ұлттық өнімімізді де насихаттауды көздедік. Қазіргі заманда менің ойымша, шын еңбекке бет бұрған адам өзінің жолын табады. Менің мақсатым - шынайы отандық өнімді қалыптастыру», - дейді етікші.

Самғау Нәсіпхан шын өмірде Генадий Головкинді көрмегенін айтады. Жер шарының арғы бөлігінде жүрген боксшыға бұл сыйды қалай табыстау керек? Байыпты жас кәсіпкер ол жағын да есептеп отыр екен. Айлап тігілген айрықша сыйды ебін тауып табыстармыз дейді.

«Геннадий Головкин бүкіл Қазақстан жастарына үлгі болғаннан кейін етік тігерде классикалық үлгіні таңдап алдық. Үстіңгі жағын ұлттық үлгімен, астыңғы тұсын заманға сай етіп әзірледік. GGG әрпін әу баста алтыннан соқсақ деп ойладық та, материалдық жағдайымыз жетпеді. Қазақтың алтын жігіті деп, алтыннан соқсақ деген ниетіміз бар еді. Бірақ, содан кейін жарқырап елдің алдында жүргеннен кейін ақ былғарымен тігуді ойладық», - дейді ол.

Жалпы, етікшілік екінің бірі қолынан бара бермейтін кәсіп екені белгілі. Етік тігу асқан шеберлікті, ерік-жігер мен ыждағаттылықты талап етеді. Ерте заманда қазақтың етікшілері қарапайым құралдарымен аяқ киімдердің алуан түрін тігетін болған. Бұрынғының ізін жалғаған Самғау ұлттық етікшілік өнеріне өзіндік өрнегімен келіп отыр.

«Еуропада 3-4 ғасыр бұрын аяқтарына не киетінін білмей жүрген кезде қазақтар теріден тігілетін етіктің түр-түрін киіп жүрген ғой. Өкшенің қалай қалыптасуын реттей тігу әдісі деген Орта Азиядағы ата-бабаларымыздан қалыптасып келе жатыр екен. Себебі, адам атқа мінген кезде өкшесі үзеңгіні тіреп отыру керек екен. Етік үзеңгіден өтіп кетсе, адам өте қатерлі жағдайға душар болған. Етік тігу өнері адамдардың атты қолға үйретуінен басталған ғой. Жалпы, етікшілік өнері ертеден біздің халықта атадан балаға мирас болып келе жатқан өнер. Етікшілікке қазір Қазақстанда көптің ұялатындай кәсіптің түрі ретінде қарайтыны жасырын емес. Жоқ! Мен мен етікшіліктің таңдаулы, қадірлі де қастерлі кәсіп екенін көрсеткім келеді», - дейді Самғау Нәсіпхан.

Етік тігер алдында жас кәсіпкер Головкиннің аяқ киімінің өлшемін де біліп алыпты. Ақпараттық қолдау білдіріп отырған белгілі блогер Өркен Кенжебектің көп көмегі тигенін айтады.

null

«Қазіргі таңда Астананың іргесінде Қараөткелде үлкен цех салып жатырмыз. Жобаның құны шамамен 30-40 миллион теңге болады. Осы күзде, болмаса көктемге таяу цех ашылады. Жалпы, үлкен мақсатымыз - бәсекеге қабілетті отандық өнімді шығару және баладан балаға ертеңін ойлайтын ұрпақтан ұрпаққа қалатын үлкен кәсіп қалдырсам деген ниетте болашағымызды ойлап жұмыс жасап жатырмыз. Шын ниетіміз, алға қойған үлкен миссиямыз осы. Пайда өзіме де, халыққа да тисе деймін. Осы мақсатта үлкен цехымыздың құрылысын жүргізіп жатырмыз», - дейді Самғау Нәсіпхан.

Соңғы жаңалықтар