Астаналық ІТ мамандар дезинфекция жасайтын әмбебап құрылғы ойлап тапты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада дезинфекция жасайтын әмбебап құрылғы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа құрылғы бұған дейін жылы аялдамада апробациядан өтті. Құрылғы «Smart Recirculdtion control» аппараттық-бағдарламалық кешені деп аталады. Немесе қысқартып SRC жүйесі деуге де болады. Бүгін жаңа құрылғыны мектеп кабинетінде сынап көрмекпіз. Дезинфекция және ионизация жасайтын бұл құрылғыны өзіміздің ІТ мамандар 3 айдың ішінде жасап шығарды және оған 4 маман қатысты. SRC-тің кешен деп аталатын себебі құрылғы бірнеше функцияны атқарады және ол автоматтандырылған. Біріншіден, бөлмеге дезинфекция және ионизация жасайды. Екіншіден, құрылғыға аудио және бейнебақылау жүйесі орнатылған. Үшіншіден, бұл жүйені қашықтан басқаруға болады. Яғни арнайы адамға міндеттеудің қажеті жоқ. Біз осылайша адами ресурсты азайтып отырмыз», - деді «It Smart Solutions» ІТ компаниясының директоры Диляра Төленова.

Оның айтуынша, аталған құрылғының тағы бір артықшылығы дыбыссыз жұмыс істейді. Яғни бөлмедегі адамдарға кедергі келтірмейді. Және адамдарға дезинфекция процесі кезінде бөлмеден шығудың қажеті жоқ.

«Бір кабинетке немесе бөлмеге дезинфекция жүргізуге 15-20 минут жетеді. Сондай-ақ, аталған құрылғыны іске қосуға санэпидемиологиялық қызметтің рұқсаты бар. Тағы бір маңызды жайт, біз бұл құрылғының авторы ретінде патентке иеміз және жүйені бағдарламалық қолдауға да біз құқылымыз», - дейді ол.

Жаңа құрылғы Нұр-Сұлтан қаласындағы № 2 арнайы мектептің кабинетіне орнатылды. Сол сияқты кешен авторларының мәлімдеуінше әмбебап құрылғы вирустың 99,9%-ға жоюға мүмкіндігі бар.

«Жаңа жүйенің тиімділігін анықтау үшін ауқымды көлемдегі деректерге талдау жасалып, қоғам пікірі ескеріліп сауалнама жүргізілді. Сол көрсеткіштердің негізінде құрылғыны апробациядан өткізу үшін оңтайлы орын елордадағы № 2 арнайы мектеп екенін көрсетті. Бұл мектепте денсаулық жағдайы бойынша ерекше балалардың білім алып жатқанын ескеру маңызды. Коронавируспен әлем болып күресіп жатқанда, өз елімізде осындай отандық жүйенің іске қосылуы оң шешім деп ойлаймыз», - деді «Астана Innovations» АҚ-ның атқарушы директоры Жасұлан Кенжеғалиев.


Соңғы жаңалықтар