Астаналық департамент қызметкерлері 330 мың теңге жалақы алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті артық алаңдарды оңтайландыру нәтижесін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асуда.

«Өткен жылы Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік органдар мен азаматтардың қарым-қатынасын нығайту және ашық түрде қызмет жасау, артық алаңдардың барлығын оңтайландырып, қайта қарастырып, бюджетті үнемдеу туралы тапсырма берді. Осыған байланысты агенттікте алғашқы рет жалақының жаңа жүйесі енгізілді. Штаттағы қызметтердің саны оңтайландырып, жақсы жұмыс істейтін қызметкерлер қалдырылды. Соның есебінен басқа тиімді жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы артты», - деді департамент басшысы Жазира Жылқышиева журналистерге берген сұхбатында.

Яғни, департаменттегі 47 қызметкердің 15-і қысқартылып, 32 қызметкер қалған.

«Бұған дейін үнемделген қаржы есебінен олардың жалақысын 30%-ке дейін көтерген болсақ, енді тағы 50%-ке дейін арттыруға мүмкіндік туды. Мысалы, қатардағы бас маманның жалақысы 220 мың болса, оның 50% - 110 мың теңге қосылды. Нәтижесінде жалақы 330 мыңға дейін көбейді», - деді Ж. Жылқышиева.

Одан бөлек, өте тиімді жұмыс істеген қызметкерлердің 50% дейін үстемеақы алу мүмкіндігі бар.

Департамент биыл ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының 16-қабатына көшті. Бұл да едәуір қаражат үнемдеуге септігін тигізген.

«Өздеріңіз көріп отырғандай, жаңа кеңседе қызметкерлер ашық кеңістікте жұмыс істеп жатыр. Департамент басшысының орынбасарлары, өз басқармалары мен қатардағы қызметкерлері бір алаңда жұмыс істейді. Бұл - жаңа форматтағы жұмыс моделі», - деді Ж. Жылқышиева.

Соңғы жаңалықтар