Астаналық цирк әртістері Монте-Карлодағы халықаралық фестивальдің сыйлығын алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық Ёка Қоңырбаева мен Назерке Мерекеқызы «Сигвейдегі эквилибр» атты қойылымдары үшін халықаралық цирк өнері фестивалінде арнайы сыйлықпен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.

«Астаналық цирк эквилибристері Монте-Карлода өткен халықаралық цирк өнері фестивалінде арнайы сыйлықтың иегері атанды. Онда әртістеріміз Ёка Қоңырбаева мен Назерке Мерекеқызы «Сигвейдегі эквилибр» атты ерекше қойылымын көпшілік назарына ұсынды. Варшавалық және якутиялық цирк майталмандары елордалық әртістердің шеберлігіне ерекше тәнті болды. Астаналық цирк аталған шараға биыл алғаш рет қатысты», - деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі.

Үстіміздегі жылдың 17-27 қаңтар аралығында өткен 43-ші халықаралық цирк фестивалінің негізін 1974 жылы князь Монако Ренье III қалаған.
Биылғы цирк бәсекесінде акробатика, сайқымазақ, эквилибристика, сиқырлық және аң үйрету сынды жанр бойынша әлемнің 15 мемлекетінің қатысушылары өнер көрсетті.

«Өнерпаздарға халықаралық фестивальге шақырту былтыр Астанада өткен дәстүрлі «Азия жаңғырығы» атты цирк өнері фестивалінде табысталды. Аталған фестивальде қазылар алқасы құрамында болған Еуропалық цирк қауымдастығының президенті, Монте-Карло цирк фестивалінің вице-президенті Урс Пилс эквилибристер жұбының өнерін жоғары бағалап, оларды әлемдік цирк өнері саласындағы ауқымды шараға қатысуға шақырды. «Азия жаңғырығы» фестивалінің қорытындысы бойынша елордалық әртістер «Сигвейдегі эквилибр» қойылымымен 3-ші орын иеленді», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар