Астаналық белсенділер ақыл-ойында ауытқуы бар балалар мектебін қалай ашты

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналық белсенді жастар Кәмилә Ролан мен Сабина Исмаилова ақыл-ойында ауытқуы бар балалар үшін өткен жылдың қазан айында «Education for all» мектебінің негізін қалаған.

Қазіргі таңда 16 баланы тәрбиелеп отырған мектепке ата-аналардың алғысы шексіз. Себебі, мұнда мүмкіндігі шектеулі бала мектеп пәндерін оқып қана қоймай, шығармашылық дағдыларын да дамыту үстінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Education for all» мектебінің негізін қалаушыларының бірі Кәмилә Роланның айтуынша, орталықты құру идеясы 2012 жылы туған.

«Ол кезде қайырымдылық қорының президенті ретінде аз қамтылған отбасылардың балалары үшін курсты ұйымдастыруды қолға алған едік. Яғни, бізде ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс жүргізіп, инклюзивті білім беру саласындағы тәжірибеміз сол кезден бар еді. Осыдан кейін мен магистратура бағдарламасы бойынша оқуға түсіп, АҚШ мемлекеттік департаментінің бағдарламасы бойынша инклюзивті білім беру мекемелерінде жұмыс жүргізу мүмкіндігіне ие болдым. Дәл сол кезде өзімнің әріптесім Сабина Исмаиловамен («Education for all» мектебінің директоры) таныстым. Сабинамен ақылдаса келе, біз инклюзивті білім берудің бірегей орталығын құру қажет деп шештік. Орталығымыз аутетикалық спектрі бұзылған және Даун синдромы бар балаларға академиялық спорттық және шығармашылық сабақтарды өткізеді», - дейді Кәмилә Ролан.

Баласының тағдыры жайлы ата-аналардан аянышты әңгіме естіген белсенділер ақыры осы саладан кете алмапты. Яғни, ерекше қажеттілігі бар балаларға жәрдемдесуді Кәмилә мен Сабина өмірлік мақсаты етіп алған. Кәмилә Ролан мен Сабина Исмаилова осылайша пилотты жоба ретінде 2017 жылдың қазан айында орталықтың жұмысын бастап кетеді.

Алғашында Назарбаев Университетінің кампусында жұмыс жүргізгенімен, қазіргі уақытта орталық жаңа ғимаратқа көшкелі отыр. Көшу, орталықтың ішін ретке келтіру біршама уақыт алатындықтан, қыркүйек айына дейін орталық демалыс жариялаған.

«Біздің жоба әлеуметтік кәсіпкерлік сипатта. Коммерциялық тұрғыда айтар болсақ, қарапайым мектептердегі кейбір балалар өз сабақтары үшін ақша төлеп, осының есебінен мұғалімдерімізге айлығын төлеп отырмыз. Сабина екеуіміз әзірге ақы алып отырған жоқпыз Себебі, біз өзіміз бастаған жобаға баса маңыз бергіміз келеді», - дейді Кәмилә Ролан.

«Education for all» мектебінде ерекше қажеттілігі бар балаларға Нұрдуман Айдосов атты мұғалім математика жән ағылшын пәндерінен сабақ береді. Құрылтайшылардың бастамаларының тағы бірі - «КИТ» мектебі. КИТ сөзі - «кәсіпкерлік, инклюзия, тәуелсіздік» деген мағынаны білдіреді. Онда ақыл-есі кем балалар өнер мен өзара әңгімелесу, достасу жағынан баса маңыз беріп, әртүрлі ойындар ойнап, дағдыларын шыңдайды.

«КИТ» мектебінің ұстазы Диас Жұмабаевтың айтуынша, әртүрлі дәрежедегі мүмкіндігі шектеулі балалар актерлық шеберлігін шыңдап, ән айтып, би билеуді үйренеді. Мектептің басты қыры - әлеуметтендіру. 2018 жылдың маусым айында мектептің балалары алғаш рет «Джунгли мектебі» инклюзивті мюзиклін қойып, көпшіліктің құрмет-қошеметіне бөленген.

«Education for all» мектебінің негізін қалаушылар Кәмилә Ролан мен Сабина Исмаилова орталықтың жұмысын кәсіпкерлік бағытта жалғастырып, мекеменің жұмысын мемлекеттік қаржыландырудың тәуелсіз ұйым ретінде жүргізуді мақсат тұтып отыр.

Айтуларынша, мемлекеттік грантқа қол жаймай, тәуелсіз ұйым ретінде еңбек еткен жағдайда да ғана орталықтың жұмысы өміршең болмақ.

Соңғы жаңалықтар