Астаналық ардагерлерге бес жүз мың теңгеден беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында тұратын соғыс ардагерлеріне Жеңіс күніне орай 519 мың теңгеден беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфоға сілтеме жасап.

«9 мамыр қарсаңында елордалық 71 ардагерге 519 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі. Бұған қоса, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушыларға теңестірілген 332 адамға 9 АЕК, яғни 22 725 теңге, ал 2817 тыл ардагеріне көмек ретінде 4,5 АЕК (11 363 теңге) табысталады», - деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс бөлімінің басшысы Гүлзада Жекебаева.

Сонымен қатар, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне мерзімді басылымдарға жазылу, моншаға, шаштаразға бару және санаториялық-курорттық емделу үшін әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ал қалалық автобустарда арнайы жеңілдіктер қарастырылса, тіс протездеу тегін жүргізіледі. Қазіргі күні ҰОС қатысушыларына теңестірілгендер саны 2 900 адам. Яғни, олардың басым бөлігі - соғыс кезінде жесір қалған немесе туғанынан айырылған жандар.

Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында бас қаламызда ҰОС мүгедектері, қатысушылары және оларға теңестірілген тұлғалар үшін «Белсенді ардагер» айлығы басталды, ол осы жылдың 29 сәуірі мен 29 мамыры аралығында жалғасады.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов айлық аясында диагностикалық зерттеулер, емдеу-сауықтыру іс-шаралары, терапевт, гастроэнтеролог, кардиолог, уролог мамандарының қабылдауы, ЭКГ, ультрадыбыстық зерттеу тегін жүргізілетінін түсіндіріп берді.

«Қазіргі уақытта барлық медициналық ұйым ардагерлерді назарда ұстап, сауықтыру іс-шараларын үйіне барып өткізеді. Бұл бізде тұрақты түрде қолға алынып келе жатқан істердің бірі», - деді Марат Шоранов.

Соңғы жаңалықтар