Астаналық алаяқ елорданың 8 тұрғынын интернет арқылы сазға отырғызып кеткен

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 15-17 қазан күндері елордалық полицейлер «Anti-fraud» республикалық профилактикалық іс-шарасын өткізді. Ол ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстың жолын кесу, ескерту және ашуға бағытталған, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

ІІД-ның мәліметі бойынша, шара барысында 20 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған және ашылған. Негізгі бөлігі - интернет-алаяқтық.

«Іс-шара барысында полицейлер 25 жастағы еш жерде жұмыс істемейтін қарағандылық келіншекті ұстаған. Әйел алаяқтық әрекеттерін интернет арқылы жүзеге асырған. Негізінен ол Instagram әлеуметтік желісінде қымбат тондар мен әшекей бұйымдарын арзан бағада ұсынып келген. Ал клиенттерімен тек WhatsApp желісі арқылы ғана тілдескен, себебі дауысынан танып қоймасын деп сақтанған. Ол өзгелердің банктегі шоттарын қолданып келген, клиент ақшасын аударысымен номерді бұғаттап, акаунтты және ұялы телефон номерін де өшіріп тастап отырған. Негізінен ол клиенттерінен ақшаны Qiwi-әмиян арқылы алып отырған. Осылайша ол қаламыздың сегіз тұрғынын сан соқтырып 1 млн теңге көлемінде қаржы алған. Қазіргі уақытта ұсталған азаматша қамауға алынып, ҚР ҚК 190-бабының 2 бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде (алаяқтық)», делінген хабарламада.

Астана қаласы ІІД қызметкерлері интернет сатып алушыларға тауарды тек сенімді сатушылардан алуды және тауар қолыңызға тиген соң ғана төлем жасауға кеңес береді. Кері байланыс поштасын анықтау және пікірлерге назар салу. Жарнама астында өз пікірін немесе ойын жазып қалдыруға тырысу. Сіздің жазбаңыз өзге адамдарға көрініп тұруы керек және әкімші оны өшірмеуі тиіс.

«Сатушыдан тауардың түрлі тұстан түсірілген фотосын сұрау немесе видео қоңырау шалу. Егер сатушы осының бірінде жасауға келіспесе ол күмәнді сатушы деген сөз», делінген ІІД хабарламасында.

Сондай-ақ, сатушыға жеке ақпараттар мен банк картасы, есеп-шот, кодтарын беруге болмайды.

Соңғы жаңалықтар