Астаналық 22 жүргізуші өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда 22 жүргізуші өмір бойы көлік жүргізу құқынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы қалалық полиция департаменті анықтау басқармасының бастығы Диас Тоқатов, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құқық қорғау саласының өкілі жыл басынан бері елорда аумағында болған жол-көлік оқиғаларына байланысты қозғалған қылмыстық істер туралы мәлімет берді.

«Биылдыққа полиция қызметкерлері 430 мас жүргізушіні анықтады. Оның ішінде 408 жүргізуші 15 тәулікке қамауға алынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 22 жүргізушіге қатысты осындай бұзушылық жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Яғни, бұл адамдар көлік жүргізу құқынан айырылғандарына қарамастан, мас күйде көлік жүргізген. Олар тұтқындалып, қамауға алынды», - деді Диас Тоқатов.

Осы оқиғалар бойынша Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының үкімімен 12 адамға қатысты «күзетпен ұстау», 10 адамға қатысты «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шаралары тағайындалған.

«Сонда үш айдың ішінде 22 қылмыстық істі сотқа жолдадық. Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша оларды өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айрылу жазасы күтіп тұр»,- деді басқарма бастығы.


Соңғы жаңалықтар