Астанаға көлікпен кіру үшін қай сағаттар ақылы болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігі қауырт уақытта қалаға кіруге ақы алу жүйесін енгізу мәселесіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде елордада автомобиль саны артып келе жатыр. Астанада шамамен 500 мың көлік құралы бар. Олардың 324 мыңы тіркелсе, 80 мыңнан астамын сырттан келетін көліктер құрайды. Ал қалған көліктер - бұлар өзге өңірлерде тіркеуге алынған, бірақ, иелері елордада тұрады. Сондықтан біздегі деңгей өте жоғары, көлік құралдарын жан басына есептейтін болсақ Лондонға жақындап қалды. Сол себепті қоғамдық көлік саласын жақсарту және көше желілерінің жүктемесін төмендету үшін бірқатар шара қабылдануда. Оның бірі қаланың 6 нүктесіне кіруді ақылы жасау жоспарланған», - деді «Астана LRT» ЖШС басқармасы төрағасының орынбасары Бейбіт Есжанов елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның түсіндіруінше, ақылы кіру қауырт уақытқа есептелген. Мәселен, таңертеңгі сағат 7-00-ден 9-00-ге дейін және кешкісін 17-30-дан 20-00-ге дейін аралықты қамтиды.

«Ақылы кіруді енгізудің мәні мынада, бүгінде күн сайын 82 мыңнан астам көлік қалаға кіреді және көше-жол желісіне жүктеме шамамен 17 пайызды құрайды. Егер қауырт уақытта ақылы кіруді енгізетін болсақ, халықтың көпшілігі қоғамдық көлікке мінеді деп ойлаймыз. Қазіргі уақытта бізде 16 қала маңызы бағдары бар, қозғалыс ара қашықтығы 4 минутты құрайды. Сондықтан қала маңында тұратын тұрғындардың жайлы сапарын қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шараларды жүзеге асырамыз», - деді ол.

Осы ретте Б.Есжанов қала кіру үшін көлік иелерінен алынатын ақының шамамен қанша болатындығын айта алмады. Дегенмен, ол ақылы кіруді енгізу қала көшелеріндегі жүктемені 15-20 пайызға төмендететіндігіне сенімді екендігін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар