Астанаға бразилиялық джиу-джитсу шеберлері келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстанның және шетелдің спортшылары джиу-джитсуден «бразил систем» бөлімінен Ашық республикалық турнирде Елорда кубогын сарапқа салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Дүбірлі дода 5-7 қазанда «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Елорданың 20 жылдығына орайластырылған ауқымды шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ҚР Джиу-джитсу қауымдастығының бастамасымен ұйымдастырылып отыр.

Республикалық турнирге Азия құрлығы мен аралдардың, басқа да мемлекеттердің, облыстар мен Астана және Алматы қалаларының командалары қатысады.

Жарысқа ақ, көк, қызылкүрең, қоңыр, қара белбеулерге бөлінген 6-45 жас аралығындағы спортшылар жіберіледі. 5 қазанда спортшылар келеді. Сондай-ақ 6-15 жастағы жасөспірімдердің салмағын өлшеу жоспарланған. Ал жекпе-жектер 6 және 7 қазанда «Дәулет» спорт кешенінде өтеді.

6 қазанда сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін балалар арасындағы жарыс өтеді. Осы күні сағат 14:00-де джиу-джитсуден Астана кубогының ашылу салтанаты ұйымдастырылады. Бұдан басқа, сағат 14:00-ден 15:30-ға дейін «Astana Jiu-Jitsu Cup 2018» аясында «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық кешенінде бразилиялық джиу-джитсуден Әлем чемпионы Алана Финфоу және джиу-джитсуден басқа да әлемдік жұлдыздардың қатысуымен семинар өтеді.

Жексенбі күні, 7 қазанда «Дәулет» спорт кешеніндегі жарыс 10:00-де басталады. Жеңімпаздар арасындағы титул үшін абсолютті жекпе-жектер сағат 19:00 белгіленген.

Astana Jiu-Jitsu Cup кубогы қазақстандық спортшы Дархан Нортаев пен бразилиялық Артур Ланестің, сондай-ақ Нұржан Сейдуали мен Лукас Пинхейроның арасындағы чемпиондық белбеу үшін күреспен аяқталады.

Astana Jiu-Jitsu Cup додасының ең қызықты жекпе-жектерінде атақты бразилиялық шеберлер Алан Финфоумен Густаво Кампос күш сынасады. Айта кетейік, Бразилиядан келетін қонақтар оңтүстікамерикалық өңірдің және әлемнің танымал джитсерлерінің бірі болып табылады. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар тарапынан естелік медальдар алады. Ал абсолюттік салмақтар санатындағы жүлдегерлерге көк, қызылкүрең, қоңыр, қара белбеулер бойынша «adult» санатында ақшалай сыйлықтар да беріледі. Жарыстың жалпы жүлде қоры - 15 мың доллар. 

Соңғы жаңалықтар