Астанаға алғашқы электроавтобустар қашан жеткізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордаға жеткізілетін электроавтобустарды сынақтан өткізу шаралары осы айда басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьевтің айтуынша, бүгінде Астана қаласының әкімдігі электромобильдер нарығын дамыту бойынша арнайы бағдарлама әзірледі. Соның аясында толығымен электр энергиясымен жүретін отандық автобустар елордаға жеткізіледі. Оған қоса, өндіруші кәсіпорын өз есебінен қажетті инфрақұрылымды - зарядтау орындары және тағы басқасын жасақтайды.

«Меніңше, ағымдағы жылы жазға қарай алғашқы электроавтобустарды Астанаға жеткіземіз. Осы айдың соңында тест басталады. Сол кезде электроавтобустарды қысқы уақытта қолдану жағы тексеріледі. Өйткені «Аталған көліктер қатты аязда жүре ала ма?» деген сұрақтар болды. Дегенмен, электроавтобустар аязда да, ыстықта да жүре алады. Мен оны анық білемін. Себебі, бүгінде оған қажетті барлық технологиялар бар», - деді А.Лаврентьев Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Ұйым басшысының сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде елордада 50 зарядтау стансасы орнатылған. «Оператор РОП» компаниясы арнайы карталарды даярлап жатыр. Онымен Астана, Алматы және «Астана - Бурабай» тас жолында электромобильдерді зарядтап алуға болады.

«Негізі, бұрын электроавтобустар қатты қымбат болды. Бүгінде ондай көліктің бағасы кәдімгі автобустан 10-20 процентке ғана қымбат. Сосын қазіргі автобустарда дизель отыны, май және қосалқы бөлшектер сияқты шығындар бар. Ал электроавтобустарда ондай жоқ. 5-7 жылдың ішінде ондай көлік дизельмен жүретін автобустан да арзанға түседі», - деп атап көрсетті А.Лаврентьев.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанның автобизнес қауымдастығы өткен жылдың қорытындысын шығарды. Ұйымның вице-президенті Анар Мақашеваның айтуынша, өткен жылы қазақстандықтар 60 мың жаңа көлік сатып алды. Соның тең жартысы - өз елімізде құрастырылған автомобильдер. Жалпы, Қазақстан xалқы жаңа көліктерді сатып алуға 547 млрд теңге жұмсады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 24 процентке артық. Ал Үкімет отандық көлік маркасын жасап шығаруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар