Астанаға 14 елдің үздік шахматшылары келді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең Астанада шахматтан командалық әлем чемпионаты басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шахматтан командалық әлем чемпионаты алғаш рет Қазақстанда өткелі отыр. Бүгін Астанада жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтпек. Алғашқы кезең ойындары ертең, наурыздың 5-і күні басталады.

Қазақстан құрамасы сапында Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нахбаева, Гүлмира Дәулетова, Ринат Жұмабаев, Муртас Кажгалиев, Ануар Исмагамбетов, Денис Махнев пен Петр Костенколар өнер көрсетеді.

«Кешенді жұмыстар мен отандық шахматтың еңбегінің арқасында шахмат әлеміндегі ең маңызды оқиға - Әлем чемпионатын өткізуге мүмкіндік алып отырмыз. Аталған спорттық шараны өткізуді Мемлекет басшысы қолдады. Мұндай деңгейдегі бәсеке елдегі шахмат спортының дамуына серпін берері анық», - деді елордадағы Астана ХҚО ғимаратында өткен бүгінгі жиында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев.

Аталған чемпионаттың турнирлерімен қатар, бірмезеттегі ойын сеансы өтпек. Ойын Еуразиялық Топ кәсіпорындарының қызметкерлері (зауыт, кәсіпорынішілік ойындардың жеңімпаздары) мен халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Қазақстанның бес дүркін чемпионы Дәрмен Сәдуақасов арасында өтеді.

ЭКСПО аумағындағы «Астана ХҚО» ғимаратында өтетін чемпионатты келіп көргісі келетіндер үшін де жағдай жасалған. Яғни, шамхамтсүйер фанаттар тобы үшін арнайы фан-аумақ бар. Ол жерде орналастырылған алып экран арқылы фанаттар шахмат шеберлерінің ойынын тамашалай алады.

Әлем чемпионаты айналым жүйесімен өтіп, 9 кезеңнен тұрмақ. Бәсекелер наурыздың 14-і күні аяқталып, жарыс салтанатты түрде жабылады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордадағы чемпионатта әлемнің 14 елінің үздік шахматшылары бақ сынайды. Шаршы тақтада Қытай, Әзербайжан, Иран, АҚШ, Мысыр, Ресей, Швеция, Англия, Үндістан мен Украина, Грузия, Мажарстан мен Арменияның үздіктері жарыс көрігін қыздырмақ. Олардың арасында әлем мен әр құрлықтың чемпионы атанған мықтылар да аз емес.

Соңғы жаңалықтар