«Астанаэнергосбыт» тарифтерді негізсіз өсірген

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Астанаэнергосбыт» ЖШС төлемдерді негізсіз өсірген. Осыған орай аталған мекемеге қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу комитетіне сілтеме жасап.

«Астанаэнергосбыт» ЖШС қызметін тексеру қорытындылары бойынша электр энергиясы үшін төлем сомаларын есептеу тәртібінің бұзылғаны анықталды. Тұтынушылар негізсіз, жоғары сома төлеп келген. Яғни жүгінген 56 тұтынушының 32-не 129 мың теңге мөлшерінде негізсіз сома қойылған. Мысалы, тұтынушылардың бірі 4 айда артық төлем жасап, жалпы сома 17 мың теңгені құрады. Ал Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ай сайынғы орташа төлем - 4,5 мың теңге», - делінген ресми ақпаратта.

Сондай-ақ, хабарламада аталған мекемеге қатысты әкімшілік іс қозғалғаны айтылған.

«Астанаэнергосбыт» ЖШС-на қатысты ҚР әкімшілік құқық бұзу кодексінің 167-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Оған сәйкес 2000 АЕК немесе 6 млн теңгеден аса айыппұл көзделген», - дейді ведомстводан.

Одан бөлек, «Астанаэнергосбытқа» заңсыз жүргізілген төлем сомаларын қайта есептеп, кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді.

«Тұтынушылар ұсынылған шоттардың негізсіз артық көтерілгенін анықтаған жағдайда, қайта есептеу жүргізу үшін «Астанаэнергосбыт» ЖШС-на жүгінуге құқылы. Егер мекеме қайта есептеуден негізсіз бас тартқан жағдайда, тұтынушылар ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне жүгіне алады», - деп хабарлайды комитет.

Айта кетейік, аталған кемшіліктер тұтынушылардың өтініштері негізінде жүргізілген жоспардан тыс тексерудің нәтижесінде анықталып отыр.

Еске салсақ, «Астанаэнергосбыт» ЖШС-не 6 млн теңгеден астам айыппұл салынуы мүмкіндігі бұған дейін айтылған еді.


Соңғы жаңалықтар