«Астанаэнергосбыт» елорда тұрғындарына 2,6 млрд теңгені заңсыз төлеткен

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астанаэнергосбыт» негізсіз тарифтің арқасында елорда тұрғындарынан 2,6 млрд теңгеге артық қаржы алды. Бұл туралы Бүгін ҚР Бас прокуратурасының алқа отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тексерулер кезінде еліміздегі көптеген электр стансалары тұтынушылар үшін электр энергиясының бағасын жоғарылатуға әсер еткен негізсіз тарифтер бойынша ұзақ уақыт жұмыс істегені анықталды. Энергия беруші және жабдықтаушы ұйымдар тарифтерді көтеру арқылы 29 млрд теңге мөлшерінде пайда тапқан. Мәселен, «Астанаэнергосбыт» тарифті қалыптастыру кезінде электр энергиясын 11,8 теңгеден сатып алатынын көрсеткен, іс жүзінде 2 есе арзанға сатып алған», - делінген Бас прокуратураның мәліметінде.

Нәтижесінде, елорда тұрғындарынан 2,6 млрд теңгеге артық қаржы алынды.

Осындай жолмен Атырау, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жабдықтаушылар әрекет етіп, 1 млрд теңге көлемінде негізсіз пайда тапқан.

Белгілі болғандай, монополистер прокурорлық шаралардың нәтижесінде 5 млн тұтынушыға 13 млрд теңгеге жуық шығынды өтеді. 14 өңірде электр қуаты мен жылудың бағасы төмендетілді.

«Егер бұған дейін Қапшағай қаласында бір бөлмелі пәтерді жылыту үшін шамамен 9,5 мың теңге төленсе, қабылданған шаралардан кейін ақысы 4,5 есеге төмендеп, 2,2 мың теңгені құрады. Сонымен қатар, тұрғындарға жылу есептейтін құралдарды орнату кезінде мемлекеттік қаражат тиімсіз жұмсалған. Мәселен, Қарағанды облысы Саран қаласында орталықтандырылған жылудың жоқтығына қарамастан, 2015 жылы 215 млн теңгеге 274 жылу есептеуіш құралы орнатылған. Бұл әрекет бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - деп атап өтілген таратылған мәліметте.

Тексеру нәтижесінде, жалпы 15 лауазымды тұлға жіберген олқылықтар үшін жазаға тартылды, монополистерге 159 млн теңге айыппұл салынды, 10 қылмыстық іс қозғалды.

Бұдан бұрын Астананың жылыту маусымына дайындық деңгейі туралы хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар