Астанадан Ұлан батыр, Ереван, Сингапур, Токио, Шанхай мен Нью-Йоркке ұшатын рейстер ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында Астанадан Ұлан батыр, Ереван, Сингапур, Токио, Шанхай мен Нью-Йоркқа ұшатын жаңа рейстер ашылатындығын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, өткен жылы елімізде 7 халықаралық бағыт бойынша әуе рейстері ашылған.

«Министрлік халықаралық бағыттардағы әуе тасымалын арттыру мақсатындағы жоспарын жалғастырады. Өткен жылы 7 халықаралық бағытта әуе рейстері ашылды. Олар - Астанадан Амстердамға, Алматыдан Сиань, Шарм-Эль-Шейх және Тегеран қалаларына, Ақтаудан Батуми және Сочи қалаларына, сондай-ақ, Шымкент-Ыстамбұл арасында ашылған әуе рейстері.

Халықаралық бағыттағы сұраныстар жыл сайын артып келеді. Мәселен, биыл Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуімізге байланысты, «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамытуға байланысты Қазақстан мен Еуропа елдері арасында шетелдік әуе компанияларымен бірлесіп жаңа бағыттар ашу жоспарланып отыр», - деп мәлімдеді министр.

Оның ақпаратына сүйенсек, 2017 жылдың 8 мамырында польшалық LOT Polish Airlines әуе компаниясы Астана-Варшава бағытында аптасына 4 рет қатынайтын жаңа әуе рейсін ашады.

«Сондай-ақ, Астана-Будапешт арасындағы алғашқы әуе қатынасы осы жылдың 1 маусымында ашылады. Кеше Орталық және Шығыс Еуропадағы ең ірі лоу-кост әуе тасымалдаушысы «Wizz Air» Астана мен Будапешт арасындағы жаңа әуе қатынасының іске қосылатынын жариялады. Жаңа әуе қатынасы аптасына екі рет, бейсенбі және жексенбі күндері жұмыс істейтін болады. Бұл Қазақстан мен Венгрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына орай жасалған керемет тарту. 19 маусымнан бастап, «FinnAir» әуе компаниясы Астана-Хельсинки бағытында аптасына 2 рет қатынайтын жаңа бағытты іске қосады», - деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың маусым айынан бастап Астана-Бейжің бағытында аптасына 3 рет «Air China» ұшақтары қатынайтын болады. «Қазақстандық әуе компаниялары да халықаралық бағыттар бойынша өрісін кеңейтпек. 2017 жылдың маусым айынан бастап, «Эйр Астана» Астана-Ұлан-Батыр арасында, «SCAT» әуе компаниясы Астана-Ереван арасында жаңа әуе рейстерін ашады. «Эйр Астана» әуе компаниясы халықаралық бағытта жаңа әуе рейстерін ашу үшін үлкен жұмыс атқарып жатыр. 2019 жылы Астанадан Сингапур мен Токиоға, 2020 жылы Шанхай мен Нью-Йорк бағытындағы жаңа рейстер ашу жоспарда бар», - деп хабарлады министр Қасымбек.

Соңғы жаңалықтар