Астанадан бастау алған салт аттылардың экспедициясы қалай өтуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Астанадан шыққан салт аттылар экспедициясы Ақмола облысын басып өтіп, Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданына жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында хабарланғандай, 12 маусым күні Астанадан шыққан жігіттер Сарыарқаның сары даласымен жүріп отырып, Ақмола облысына қарасты Аршалы, Ерейментау аудандарына ат басын тіреген. 14 маусым күні өздерінің 600 шақырымдық жол сапарында көрсетілген үш ұлттық парктің біріншісі - Бұйратау ұлттық паркіне жеткен. 


Ал 15 маусым күні Павлодар облысының аумағына аяқ басып, Әлкей Марғұлан ауылына табан тіреді. Онда шерушілерді ауыл тұрғындары салтанатпен қарсы алып, академик Әлкей Хақанұлының мұражайымен таныстырды. Шағын концерт ұйымдастырылды.  

Берік Ақылбектің айтуынша, топ Баянауыл ұлттық паркі жолында орналасқан Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесіне де ат басын бұрған. Әулие басына зиярат етіп, музеймен танысқан. 


«Қазір біз бағытымыздағы екінші межелі ұлттық парк - Баянауылдамыз. Жол сапарымыз ойдағыдай өтуде. Жолай кездескен ауылдарда бізді өте жақсы қарсы алуда. Сапар барысында далада түнейміз деп палаткалар алып едік, әзірге оларға түнеп үлгермедік. Аттарымыз болдырмасын деп күніне 60-70 шақырым жүреміз», - деді топ жетекшісі Берік Ақылбек.



Топ жетекшісінің айтуынша, шерушілер қазір Баянауыл ұлттық паркінің аумағына жататын қасиетті орындармен танысуда.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана - ұлы дала елордасы» атты салт аттылардың көпкүндік халықаралық экспедициясы 12 маусым күні Астанадан жолға шыққан болатын. 10 адамнан құралған топ Бұйратау, Баянауыл ұлттық парктерін басып өтіп, Қарқаралы ауданына жетуді мақсат еткен. Турдың жалпы ұзақтығы шамамен - 600 шақырым.




Соңғы жаңалықтар