Астанадағы жылы аялдамалар қолданысқа қашан беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жаңа аялдамалар салынғанымен, халық қолданысына әлі берілмеді. Заманға сай жаңа павильондар неліктен жұмыс істемей тұрғанын қалалық әкімдіктің өкілі айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Электр тоғы әлі тартылмағандықтан, ол аялдамаларда әзірге жылу жоқ. Дәл қазір оны іске қосу турасында «Энергосбыт» және АРЭК-пен келісіп жатырмыз. Біз олармен қажетті барлық жұмыстарды жүзеге асырғаннан кейін павильондар ашылатын болады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Астана қаласының Жолаушылар көлігі басқармасы жол жүру қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Руслан Әбдуәлиев.

Әзірге әкімдік өкілдері қала тұрғындарына шыдамдылық танытып, автобусты ашық аялдамалар шатырының астында күте тұруды сұрайды.

«Дәл қазір жел мен бораннан, жаңбырдан павильондардың шатырында қорғануға болады. Біз келісімнің барлық процедураларынан өтіп, айдың соңына дейін павильондарды іске қосқалы отырмыз. Ол жерде жылумен бірге видеобақылау да болады», - дейді ол.

Руслан Әбдуәлиевтің айтуына қарағанда, электр тоғы қосылмай тұрып, аялдама павильондарын іске қосудың пайдасы жоқ.

«Аялдама павильондарын қазір ашып тастасақ, бәрібір жылудың болмайтынын ескеру керек. Ол жердегі температура аялдаманың ашық тұсымен бірдей болады. Ауа райының құбылмалылығына қарамастан, әлі екі апта бойы күннің жылы болатынын адамдарға түсіндіріп жатырмыз. Суық түскенге дейін біз жұмысты толық аяқтап, павильондарды ашатын боламыз», - дейді Руслан Әбдуәлиев.

Соңғы жаңалықтар