Астанадағы жеңіл рельсті трамвай желісінің нұсқалары талқылануда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Әсет Искешев елордадағы жеңіл рельсті трамвайдың жайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шаһар басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта жеңіл рельсті трамвайдың бағытын қай жақта ұзарту керектігі туралы мәселе талқылануда. Бір нұсқа бойынша, желіні Қабанбай батыр даңғылы бойынша тіке тартып, одан ары Тұран арқылы «Сарыарқа» сауда орталығы, «Керуен-сити» жаққа желі жалғасуы мүмкін. Тағы бір ұсқа негізінде жеңіл рельсті трамвай қалалық саябақ арқылы оң жағалауға түсіп кетуі ықтимал. Сонымен бірге, LRT құрылысын жаңа темір жол вокзалынан бастап, Абылай хан даңғылы арқылы ескі вокзалға тарту жоспары да бар.

«Менің ойымша, осы күзде біз мамандармен бірлесе отырып, қай жаққа қарай жолаушылардың ағыны көп екенін зерттейтін боламыз. Содан кейін ғана инвесторлар бойынша Үкіметпен процедураларды талқылаймыз», - дейді Әсет Исекешев.

Сонымен бірге, әкім құрылыстың бес ауданы бойынша қаланың ескі бөлігін реинновациялау жұмысы жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Оның аясында біз көшелерді кеңейтетін боламыз. Алғашқы кезеңде Асан қайғы көшесі жайлы талқыладық. Ол жақта базар көп, көшелер үлкен емес. Күніне 30 мың көлікке арналғанымен, ары-бері 100 мың көлік өтеді. Міне, осы себепті, Асан қайғы көшесінің бірнеше бөлігін сегіз жолақты, ең аз дегенде алты жолақты еткіміз келеді», - дейді ол.

Айта кетсек, бұған дейін Астанадағы жеңіл рельсті көлік жүйесінің (Астана LRT жобасы) құрылысына 16,2 млрд теңге бөлінгелі отырғаны хабарланған болатын (2018 жылы 9,1 млрд. теңге, 2019 жылы - 7,1 млрд. теңге).

 

Соңғы жаңалықтар