Астанадағы жеке мектептердің бағасы қандай

None
None
АСТАНА.  ҚазАқпарат -  Жаңа оқу жылы қарсаңында ҚазАқпарат агенттігі баласын жеке мектепке беруді жоспарлап жүрген ата-аналар үшін елордалық мектеп бағаларына шолуды ұсынады.

Астанада жалпы саны 12 жеке мектеп бар және биылғы оқу жылында  2 жаңа мектеп ашылады. Олардың арасындағы ең қымбаты - Haileybury Astana мектебі. Бұл мектепте баланы 1 сыныпта оқыту үшін ата-ана жылына 6 миллион 420 мың 600 теңге төлеуі тиіс.

Сондай-ақ, Haileybury Astana мектебіне түсу емтиханы үшін 37 мың теңге және кепілдік жарна ретінде қосымша 365 мың теңге төленуі тиіс.

«Мирас» халықаралық мектебінде баланы бірінші сыныпта оқыту - 3,4 млн теңгеге түседі. Одан бөлек, қабылдау емтиханы үшін 25 мың теңге төлеу міндеттеледі. Егер бір отбасынан екінші бала мектепке қабылданса - оқу ақысына 5%, ал егер үшінші бала қабылданса - 10% жеңілдік жасалады.

«Мирас» мектебінің француз тіліндегі секцияда оқу ақысы анағұрлым арзан - жылына 2,5 млн теңге. Бірақ, бұл секцияда екінші және үшінші баланы оқытуға жеңілдіктер берілмейді.

Құрылғанына 10 жылдан асқан Nurorda  мектеп-лицейінің жылдық білім беру қызметі 2 млн 210 мың теңгеге бағаланады.

Сонымен бірге, биылғы оқу жылында «Алпамыс» атты жаңа жеке мектеп өз есігін айқара ашады. Мұндағы жылдық оқу ақысы - 1,5 млн теңге. Бұл қаражатқа оқулықтар мен үйірмелер енген және күнделікті үш мезгіл тамақтандыру үшін ай сайын қосымша 35 мың теңге төлеу қажет. Одан бөлек, 150 мың теңге оқуға қабылдану жарнасы бар.

Елордалық «Ақбұлақ» мектебінде алғашқы оқу жылы үшін ата-ана 1 млн 150 мың теңге төлеуі қажет.

 «Голубой парус» жеке мектебіне қабылдану үшін 150 мың теңге жарна төленеді және ай сайын 127 мың теңгеден төлеу міндеттеледі. Осылайша, 9 айлық оқу ақысы - 1 млн 143 мың теңгені құрайды. Келесі оқу жылының ақысын алдын ала төлеген ата-анаға 5% жеңілдік жасалады.

Өзге мектептермен салыстырғанда, Экономикалық лицейдегі оқу ақысы анағұрлым арзан - жылына 700 мың теңге. Мұнда да 150 мың теңге мектепке қабылдану жарнасын төлеу қажет және қазірдің өзінде 1-сынып балаларын қабылдайтын орын қалмаған. 

Биылғы жаңа оқу жылында Астанада тағы бір жеке мектеп ашылады. «Болашақ» бағдарламасының түлектері ашқан Astana Garden School тек қана 10-11 сынып оқушыларын ғана қабылдайды. Мұндағы жылдық оқу ақысы - 3 млн теңге.

Айта кетейік, кей мектептерде сынып жоғарылаған сайын оқу ақысы да қымбаттай түседі. Мәселен, «Мирас» халықаралық мектебінде 11-12 сынып оқушылары үшін жылдық ақы 5 миллион теңгеден, Haileybury Astana мектебінде - 9 миллион теңгеден асады.

Соңғы жаңалықтар