Астанадағы жанармай бекеттерінде автогаз жетпей жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда тұрғындары әлеуметтік желіде жанармай құю станцияларындағы автогаз тапшылығы туралы жазып, оның тек талон арқылы беріліп жатқанына шағымданып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселені анықтау мақсатында ҚазАқпарат тілшісі Астанада орналасқан жанармай құю станцияларына (ЖҚС) хабарласты. 9 станция бүгін газ тапшылығы бар екенін растаса, 3 компания автогаздың мүлдем жоқ екенін мәлімдеді. Жанармай құю бекеттерінінің өкілдері мәселенің себебіне қатысты сұраққа жауап бере алмады. Олардың дерегінше, бұған елордадағы барлық ЖҚС-тарға газ жеткізетін «GASENERGY» компаниясы жауапты.

«Астана қаласы бойынша автогаз тек Абылай хан даңғылы, А.Жұбанов пен Ш.Айтматов көшелеріндегі және «Family Village» аумағындағы жанармай құю бекеттерінде ғана бар», - деп жауап берді компаниядан тілші сауалына орай.

Жанармай құю станцияларының өкілдері автогаздың талонмен сатылуына қатысты сауалға жауап бермеді. Ал осы салаға жауапты Энергетика министрлігі де бұл жағдай төңірегінде түсініктеме бермей отыр.


Фото: alaniaportal.ru



Соңғы жаңалықтар